16 Қазан 2026, 11:26 Фото: ©BAQ.KZ

Түркі елдері дипфейк пен жалған ақпаратқа қарсы бірлесіп күресуге ниетті

Жасанды интеллект медиа саласының мүмкіндіктерін кеңейткенімен, жалған бейне мен суреттердің таралуына да жол ашып отыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Вице-министр Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының БАҚ және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысында түркі мемлекеттерін ақпараттық қауіпсіздікті нығайтып, медиада жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану тәжірибесін бірлесіп дамытуға шақырды.

Айтуынша, жасанды интеллект материал әзірлеу, өңдеу, деректерді талдау, мұрағат жазбаларын қалпына келтіру және аудиовизуалды контент жасау кезінде кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар бұл технология бұрын қомақты қаржы мен арнайы ресурстарды қажет еткен шығармашылық жобаларды қолжетімді ете түсті.

Алайда жаңа мүмкіндіктермен бірге жауапкершілік те артады.

«Ең алдымен жарияланатын материалдардың шынайылығын қамтамасыз ету, жасанды интеллект қолданылғанын ашық көрсету және журналистердің кәсіби жауапкершілігін сақтау маңызды», – деді Қанат Ысқақов.

Пайымдауынша, түркі мемлекеттері медиада жасанды интеллектіні пайдалану, цифрлық технологияларды дамыту және мамандар даярлау бағытында тәжірибе алмасуды кеңейтуі қажет. Сондай-ақ редакцияларда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдануға қатысты ортақ кәсіби қағидаттарды әзірлеу ұсынылды.

Жалған контентке қарсы ортақ әрекет қажет

Вице-министр дипфейк пен жалған ақпараттың таралу қаупіне де ерекше назар аударды. Жасанды интеллект көмегімен шынайы көрінетін жалған бейнелер мен суреттерді жасау және оларды цифрлық платформалар арқылы тарату оңайлай түскен.

Спикердің сөзінше, мұндай жағдай жалған ақпараттың көбеюімен ғана шектелмейді. Ол азаматтардың шынайы ақпарат көздеріне деген сеніміне де кері әсер етуі мүмкін.

«Біздің ортақ мақсатымыз – сөз бостандығын қорғай отырып, азаматтардың шынайы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету және бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімді сақтау», – деді ол.

Осыған байланысты түркі елдеріне ақпараттық қауіпсіздік саласындағы тәжірибені бөлісу, ұлттық ақпарат агенттіктерінің байланысын нығайту және журналистерді жаңа технологиялар тудыратын қауіптерге қарсы даярлау ұсынылды.

Медиа мамандарын даярлауға басымдық беріледі

Қазақстан өкілі цифрлық өзгерістер жағдайында сапалы ұлттық контент өндіру мен білікті мамандар даярлаудың маңызы арта түскенін атап өтті.

Ол түркі мемлекеттерінің медиа менеджерлері арасында ортақ кездесулер өткізіп, журналистер, медиа компаниялар мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігін айтты.

Қанат Ысқақов алдағы жұмысты төрт бағытқа шоғырландыруды ұсынды: медиа өнімдер алмасуды кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру, жасанды интеллект саласындағы кәсіби құзыреттерді дамыту және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылды күшейту.

Оның пікірінше, осы бастамаларды нақты нәтижелерге айналдыру түркі мемлекеттерінің жақындасуына, медиа саласындағы әлеуетінің артуына және ортақ ақпараттық кеңістіктің нығаюына ықпал етеді. 

Бұған дейін Қанат Ысқақов Түркі елдері медиа өнімдерін өзара таратып, бірлескен контент әзірлейтінін айтты. 

Айта кетейік, келесі отырыс Бішкек қаласында өтеді.