Түркі әлеміне арналған ортақ оқулықтар мақұлданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ортақ түрік оқулықтарының мәтіні сарапшы мамандар тарапынан мақұлданды.

Мұны бүгін өткен Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті V отырысында айтылды.

Академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі кітаптардың таралуы туралы сөз қозғады.

Оқулықтар түркі әлеміндегі мемлекеттердің сұранысына қарай  таралады. Мәселен, Түркияда жылына 50 мың балаға таңдаулы пән ретінде оқытылып келген, ал Әзербайжанда 37-40 мың төңірегінде, біздің елімізде 30-35 мың бала таңдаулы факультатив ретінде оқып отыр. Енді олардың саны артады деген сенім бар. Өйткені оқулық Қырғызстанда да оқытыла бастайды. Бәрін қоса келгенде 100 мыңға жуық бала түркі дүниесіне қатысты ортақ оқулықтармен қамтылып отыр деуге болады. Жалпы, түркі әлемі деген түсінік мектеп жасында қалыптасатын болады. Ортақ құндылықтарды тану ерте қолға алынады, - деді Халықаралық Түркі академиясының басшысы.

Ежелгі түркі халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтитын «Ортақ түрк тарихы» оқулығы 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түркі халықтарының егжей-тегжейлі тарихы баяндалған.

Оқулықтардың бәрін түркі академиясы өздері даярлады. Бағдарламасы мен жобасында академия қызметкерлері әзірледі. Кейін оларды біз тараптар арқылы мемлекеттерге жібердік оларда өз ұсыныстарын қосты. Кейін жинақтарды бірнеше рет талқыладық. Арасында сын-ескертпелерде болды.  Олардың бәрін енгізе отырып, сол мемлекеттердің оқу негізіне икемдеп оқулықтарды заманауи үлгіде дайындадық. Оқулықтарға қатысты әр мемлекет түсіністік танытты. Өйткені әр мемлекеттің оқу үдерісіне сәйкес келмейтін тұстары болды  бірақ бұл ортақ оқулық болғандықтан алғашқы рет тәжірибеге еніп тұрғандықтан түркі мемлекеттері осындай қадамға барды. Жалпы, еуропада ғана осындай ортақ оқулықтар бар. Мәселен, ТМД елдерінде мұндай еңбектер жоқ. Бұл түркі әлеміндегі білім мен ғылымның тереңдей түскенін көрсетеді,  - деді Дархан Қыдырәлі.

«Түркі әлемі географиясы» атты оқулықтың мазмұны жалпы түркі әлемінің географиялық бейнесін қалыптастыруға, түркілердің географиялық түсініктері мен идеяларын зерделеуге, сондай-ақ тәуелсіз түркі елдерінің географиясын зерделеуге бағытталған.

«Ортақ түрк әдебиеті» оқулығы оқушыларға түркі әдебиетінің ерте кезеңінен бастап қазіргі ұлттық әдебиеттері негізінде ортақ түркі әдебиеті мен ортақ мәдени құндылықтар туралы түсінік беруге арналған.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ғылыми кеңесте қабылданған қорытынды Хаттамаға сәйкес, тараптар ортақ оқулықтардың бағдарламалары мен мәтіндерін бекітіп, оларды өз елдерінің орта білім беру мекемелерінде оқытылуын қамтамасыз ету және «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» пәндерінің оқушылар арасында танымал болуы мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы