Түрікменстан: Білім беру климат саясатының негізгі драйверіне айналуы тиіс
Вице-министр жасыл трансформация үшін жаңа кадрлар қажет екенін айтты
Түрікменстан Білім министрінің орынбасары Азат Атаев Орталық Азия климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында білім беру жүйесінің климаттық саясаттағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атаевтың айтуынша, климаттық күн тәртібін жүзеге асыруда білім беру жүйесі шешуші рөл атқаруы тиіс.
Біз білім беру жүйесін қосымша құрал ретінде емес, климаттық саясаттың жүйе құраушы негізі ретінде қарастыруымыз керек, - деді Азат Атаев.
Оның сөзінше, климаттың өзгеруі ең алдымен шығарындыларды азайту, қоршаған ортаны қорғау және баламалы энергия көздеріне көшу мәселелерімен байланысты.
Бұл міндеттерді орындау үшін жаңа білім мен дағдылар қажет. Сондықтан кадр даярлау мәселесі бірінші орынға шығады, - деді ол.
Сонымен қатар вице-министр жасыл экономикаға көшу барысында тепе-теңдік сақталуы тиіс екенін атап өтті.
Жасыл трансформация экономикалық тұрғыдан тиімді болуы керек. Бұл ұзақ мерзімді тұрақты дамудың негізі, - деді Атаев.
Ол климаттық ғылымды дамыту қажеттігіне де тоқталды.
Климаттық зерттеулермен айналысатын арнайы ғылыми орталықтар құру - уақыт талабы, - деді спикер.
Еске салайық, бұған дейін саммитте климат саясаты енді экономикамен тікелей байланысты болатыны айтылды.