2018 жылы елімізде 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
Астана, BAQ.KZ. 2018 жылы тұрғын үй құрылысына 1,2 трлн тенге инвестиция салынды. Ол 2017 жылдан 8,1 пайызға артық. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баспасөз конференциясында айтты.
Оның айтуынша, инвестициялардың негізгі үлесін – 86 пайызды жеке құрылыс салушылар мен халықтың қаражаттары құрайды.
Мемлекеттің жұмсалған 1 теңге қаражатына жеке инвестициялардың 6 теңгесі тартылды.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, ол өткен жылдың деңгейінен 12,1 пайызға жоғары. 113 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты.Тұрғын үйлерді пайдалануға беру республиканың барлық өңірінде артып отыр. Маңғыстау (1,4 есе), Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстарында едәуір өсім бар (1,2 еседен жоғары)», - деп атап өтті вице-министр.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу» бағыты бойынша әлеуметтік жағынан әлсіз 6 мыңнан астам отбасы жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл тағы 4 мың пәтер салу жоспарланып отыр.
«Кредиттік тұрғын үй салу»бағыты бойынша бағдарлама іске асырылғаннан бері 27 мыңнан астам пәтер салынды. Биыл 10,5 мыңға жуық пәтер салу жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылысының дамуына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы серпін берді.
«Бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері азаматтардан 82 млрд. теңгенің жеңілдетілген қарызын алуға 7 мыңға жуық өтініш түсті. «7-20-25» бағдарламасын тиімді іске асыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әкімдіктер салған тұрғын үйлерді «7-20-25» бағдарламасының қатысушылары мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына қатар беру қарастырылды. Сонымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасының қатысушылары үшін бастапқы жарнаның мөлшері 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетіліп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен қарыз алу қолжетімділігі артты», - деп хабарлады Қайырбек Өскенбаев.
Бұдан бөлек, «Баспана» ипотекалық ұйымы «7-20-25» бағдарламасының параметрлеріне сай болған кредиттік тұрғын үй құрылысы үшін әкімдіктерге 150 млрд теңге қаржы беруге дайын.
Вице-министрдің ақпараты бойынша, бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін 110 мың жер учаскесіне инженерлік коммуникациялар тартылды. Бұл халық салған жеке тұрғын үй құрылысының өсіміне оң әсер етті. Биыл тағы 40 мыңға жуық жер учаскесі тиісті желілермен қамтамасыз етілетін болады. 2018 жылы халық тарапынан салынған тұрғын үй 2017 жылмен салыстырғанда 35,5 пайызға артық болды (39 мың баспана/ 27 мың баспана).
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова атап өткендей, 2019 жылы Тұрғын құрылыс жинақ банкі өз салымшыларын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 59,7 млрд теңгемен несиелендірмек. Тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банк клиенттері үшін еліміздің барлық өңірінде берілетін болады.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жыл сайынғы Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасына оң баға берді. Бағдарлама тұрғын үй құрылысына қуатты серпін берді және мыңдаған қазақстандықтың баспаналы болуына көмектесті. Оның көмегімен жергілікті әкімшіліктерде кезекте тұрған, бюджеттік салада жұмыс істейтін және табысы нарықтан тұрғын үй сатып алуға жетпейтін тұрғындардың жеңілдетілген бағамен пәтер сатып ала алады. Мемлекеттік бағдарлама аясында орташа займ сомасы 7,3 млн теңгеге тең келеді. Бағдарлама қатысушылар арасында екі бөлмелі пәтерге деген сұраныс жоғары», - деді Ләззат Ибрагимова.
Жалпы, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 115 мың баспана салу жоспарланды.
Мемлекеттік инвестиция есебінен 20 мыңнан астам пәтер (1,3 млн. ш. м) салынады.