Тұлпартерапия – таптырмас ем

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қорының төрағасы Азамат Абдуллаев болашақта иппотерапияны қолға алуды жоспарлап отыр. Себебі Азамат басқаратын ұйым соның ішінде, әлеуметтік волонтерлік «Демеу» жобасының қолдауымен қаншама игі істерді жүзеге асырып келеді.

Атап айтқанда,әлеуметтік волонтерлік «Демеу» жобасының грант иеленушілерінің бірі ретінде қор денсаулық сақтау бағытында, аурулардың түрлеріне байланысты ота жасатуға көмекке мұқтаждарға қол ұшын созған. Одан бөлек, Құрманғазы тұрғындары құжат реттеу, кәсіпкерлік бағыттағы несие, гранттар алу, заңдық тұрғыдағы сұрақтар, жұмысқа орналасу үшін осы жобаға жүгінген.



2019 жылдан бері бірнеше жобаны іске асырып келеміз. Оның ішінде, әлеуметтік волонтерлік жоба - «Демеу» ұсынған «Біргеміз – саулық», «Біргеміз – білім», «Біргеміз – үміт» жобаларының аясында бірқатар істер атқарылды. Былтыр пандемия кезінде ауыл тұрғындарына арнап жаттығу залын аштық. Ол жерге омыртқа жарығы бар, белі ауыратын кісілер келіп тегін жаттыға алады. Сондай-ақ «Ауылды дамыту» жобасы арқылы жұмыссыз отырған әйелдерге тігін машиналарын алып бердік, - деп атап өтті қоғамдық қор басшысы.

Осылайша, үй шаруасындағы ханымдар індет асқынған сәтте маска тігіп, қоғамды жайлаған дертпен күресуге көмектескен. Қоғамдық қазір тігін машинаны сол кісілердің өздеріне қалдырыпты. Олар киім тігіп, нәпақаларын тауып отырған жайлары бар.


«Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген ұстаныммен жұмыс істейміз. «Демеу» ұсынған мүмкіндік шеңберінде бір адамға болса да жақсылығымыз тисе, қуанамыз. Мәселен, әлеуметтік жобамен Орлы, Нұржау, Еңбекші, Теңіз ауылдық округіне дәрігер, заңгер мамандарын апарып, консультация өткіздік. Автоволонтерлер қатары көбейді. Олар шалғайда тұратын жандарды медициналық мекемеге апару, оларға дәрі-дәрмек жеткізу сынды жұмысты іске асырады, - деді Азамат Абайұлы.
Сұхбат барысында белсенді жан өзінің тағы бір жоспарымен бөлісті.
Тұлпартерапияны, яғни иппотерапияны қолға алғымыз келеді. БЦП сынды ауыр дертке шалдыққан мүмкіндігі шектеулі жандарды иппотерапиямен сауықтыру – таптырмас ем. Жұлынға зақым келіп, миға қан құйылғанда, бассүйек-ми жарақаты кезінде, мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй бұзылып, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге керемет мүмкіндік. Тіпті, көру және есту қабілеті нашарлағанда да аталған ем-домға көшуге болады, - деп отыр ұйым басшысы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы