Цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделі әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық банк пен Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы «Цифрлық теңгені енгізу бойынша шешім қабылдау моделі» баяндамасын жариялады. 

Осы модель бойынша алынған зерттеу нәтижелерінің негізінде 2022 жылдың соңына дейін Қазақстанда Орталық банктің цифрлық валютасын енгізу туралы қорытынды шешім әзірленеді.

Цифрлық теңгені іске қосу туралы шешім қабылдаудағы басымдық төлем қызметтерін тұтынушылар үшін айқын нәтиже болады. ҚҰБ пен ТҚТДО моделі халықаралық ұйымдар (ДЭФ, «Үлкен жетілік» саммиті, ХВҚ) ұсынған талдамалық құралдарды, сондай-ақ шетелдік реттеушілердің тәсілдерін ескереді. Модельде, сондай-ақ цифрлық теңгенің технологиялық іске асырылуын, әлеуетті экономикалық пайдалар мен шығындарды, жүйені реттеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ экожүйені дамыту әлеуетін бағалау бойынша зерттеулер қамтылған.

Талдау құралдары ретінде технологиялық эксперименттер, экономикалық модельдеу, мүдделі тараптармен дизайн-сессиялар қарастырылған. 2022 жылдың 4-тоқсанында нарыққа қатысушылармен және тұтынушылармен Цифрлық теңгенің технологиялық платформасын өтпелі тестілеу жоспарланған.

Зерттеу нәтижелерін объективті түсіндіру мақсатында тәуелсіз халықаралық сарапшылар мен халықаралық қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен «Цифрлық теңге» жобасының Консультативтік кеңесі құрылды. Қаржы нарығының қатысушыларымен цифрлық теңгенің экожүйесін құру да жобаны дамытудағы табыстылықтың маңызды факторы болып табылады. Осы мақсаттар үшін коллаборативті алаң – Digital Tenge Hub құрылды, оған нарық қатысушылары, инфрақұрылымдық ойыншылар, халықаралық серіктестер қатысады, - делінген хабарламада.

Цифрлық теңгені енгізу, оның ішінде офлайн төлеу мүмкіндігі арқылы төлем мен қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

Цифрлық теңге инфрақұрылымы қаржы нарығына қатысушылар мен мемлекеттік органдар үшін қосымша құралға айналады, бұл смарт-контракт технологиясы негізінде инновациялық қызметтерді құруға мүмкіндік береді. Болашақта цифрлық теңгені енгізу трансшекаралық төлемдердің тиімділігін де еселейді.

«Цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделі» баяндамасымен ҚҰБ сайтының «Цифрлық теңге: пилоттық жоба» бөлімінде, сондай-ақ, ҚҰБ төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы payfintech.kz сайтында танысуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы