Трамп, Си және Путин Қытайда не талқылады?
АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай төрағасы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин үшжақты кездесу өткізіп, БҰҰ реформасы, энергетикалық жеткізілімдерді арттыру және ядролық қауіп-қатерді азайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы AP news жазды.
Кездесу Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEC) саммиті аясында өтті және бір сағаттан астам уақытқа созылды. Тараптар ядролық қаруды бақылау мен оны қолдану қаупін төмендету жөнінде диалог жүргізуге келіскен.
Дональд Трамп АҚШ, Ресей және Қытай ядролық қару санын қысқарту әрі оны қолдану қаупін азайту мәселесін талқылауға ерекше мүмкіндікке ие екенін айтты.
Си Цзиньпин ядролық қаруға тыйым салу және оны жою қажеттігін атап өтіп, ядролық қарудан азат әлем құруға шақырды. Ал Владимир Путин Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен үш елдің халықаралық бейбітшілікті сақтау үшін ортақ жауапкершілігі бар екенін мәлімдеді.
Кездесуде Иран мәселесі мен энергетикалық жеткізілімдер де қозғалды. Бұған дейін Трамп Си Цзиньпинмен жеке кездесіп, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалын қамтамасыз ету және АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға жеткізуді арттыру мәселелерін талқылаған.
Си Цзиньпин АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы Трамптың президенттігі кезінде жалпы тұрақтанып, жақсарғанын айтты. Сондай-ақ экономикалық және сауда мәселелері бойынша байланысты нығайту қажеттігін жеткізді.
Трамп Владимир Путинмен де жеке кездесіп, Украинадағы соғысты реттеу мәселесін талқылаған. Кездесу шамамен 40 минутқа созылған.
Еске салсақ, бұған дейін әлем көшбасшылары Шэньчжэньде жиналып жатқанын хабарладық. Екі күнге жоспарланған жоғары деңгейдегі кездесуге 21 мүше экономиканың көшбасшылары мен өкілдері қатысты.