Трамп пен Путин кездеседі. Келіссөзде не айтылады?
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф келесі аптада АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты кездесу де ұйымдастырылуы ықтимал. Мәскеу тарапынан Трамп пен Путин арасындағы кездесуге дайындық жүріп жатқаны ресми түрде расталды.
Дональд Трамптың айтуынша, Уиткофф Мәскеуде Путинмен "өте нәтижелі кездесу" өткізген. Журналистерге берген сұхбатында Трамп алдағы уақытта Ресей басшысымен кездесіп, Украинадағы соғысты аяқтау жолдарын талқылауға дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Уиткофф Путинмен Кремльде Трамптың Украинадағы соғысқа қатысты қойған ультиматумы аяқталуына екі күн қалғанда жүздесті. Бұл кездесу Уиткофф пен Путин арасындағы бесінші келіссөз. Кремль мәліметінше, бұл жолғы әңгіме де шамамен үш сағатқа созылған. Алдыңғы кездесу сәуір айының соңында өткен болатын.
Біз айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік! Осыдан кейін мен бұл туралы кейбір еуропалық одақтастарымызды хабардар еттім. Барлығы бұл соғыстың аяқталуы тиіс екенін мойындап отыр. Алдағы күндер мен апталарда біз осы бағытта жұмыс істейміз, - деді Дональд Трамп өзінің Truth Social желісінде.
Еске салайық, Путин Трамптың өкілімен үш сағат келіссөз жүргізген еді. Келіссөзден кейін Трамп арнайы өкілінің Путинмен кездесуіне баға берді.
Ал Зеленский Трамппен АҚШ-тың арнайы өкілінің Мәскеуге сапарынан кейін сөйлесті.