Трамп: Израиль мен Иран бейбіт келісімді бұзды
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің бұзылғанына байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жексенбі күні жарияланған бейбітшілік келісімінен кейін, дүйсенбі күні Израиль Иранға әуеден шабуыл жасаған. Бұл жағдай Трамптың қатаң сынына себеп болды.
Біз келісім жасаған сәтте-ақ Израиль бұрын-соңды көрмегендей бомбалар тастады, - деді Трамп.
Ол Израильге де, Иранға да ренішін білдіріп, олардың бейбіт келісімнің маңызын түсінбейтінін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында да пікір білдірді.
Израиль, бұл бомбаларды тастамаңдар. Егер олай етесіңдер, бұл ауқымды бұзушылық болады. Ұшқыштарыңды дереу үйге қайтарыңдар, - деді Трамп.
Айта кетейік, атысты тоқтату келісімі Трамптың тікелей араласуымен жасалған болатын. Алайда тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптап отыр. Қазіргі таңда Таяу Шығыста жағдай қайта ушығуы мүмкін деген алаңдаушылық артуда.
Еске салайық, бұған дейін сарапшы Иран үндемегенін, бірақ ұмытпағанын, енді алда не күтіп тұрғанын айтты.