Трамп Google-ға салынған айыппұлға байланысты ЕО-ны кедендік баж салығымен қорқытты
Еуропалық комиссия Google компаниясы нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдаланды деп есептейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық комиссияның америкалық Google корпорациясына рекордтық 890 миллион еуро көлемінде айыппұл салу туралы шешімін қатаң сынға алды. Ақ үй басшысының айтуынша, Брюссельдің бұл әрекеті Еуропалық одақ үшін елеулі экономикалық салдарға әкелуі мүмкін.
Еуропалық одақ заңсыз әрі мүлде әдепке жатпайтын бұл әрекеттері үшін жоғары баға төлейді. Мен оларды мұндай қадамдардың жол беруге болмайтыны туралы бірнеше рет ескерткенмін. Қолданылған санкциялар толықтай қайта қаралады және жақын арада ЕО-ға қатысты елеулі кедендік тарифтер енгізіледі деп күтеміз, – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.
Еуропалық комиссияның мәліметінше, Google өз қызметтерін іздеу нәтижелерінде артықшылықпен көрсетіп, бәсекелестердің мүмкіндігін шектеген. Сонымен қатар, компания Android қосымшаларын әзірлеушілердің пайдаланушыларды балама төлем тәсілдеріне және басқа қосымшалар дүкендеріне бағыттауына кедергі келтірген.
Google бұл айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, Еуропа билігінің талаптары іздеу жүйесінің сапасын төмендетіп, Play Store пайдаланушыларының қауіпсіздігін әлсіретуі мүмкін. Сондай-ақ компания бұл шешімге шағымдану мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бұл – Еуропалық одақтың Google компаниясына салған кезекті монополияға қарсы айыппұлы. Соңғы айыппұлды қоса есептегенде, Еуропа реттеушілері компанияға салған айыппұлдардың жалпы көлемі 10,38 миллиард еуроға жетті.
Айта кетейік, бұған дейін Google өз қызметтерін бәсекелестерге қарағанда артық насихаттағаны үшін 1 миллиард доллар айыппұл төлеуге міндеттелген.