Тоқаев жұмысты сапасыз орындаған әкімдердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды

Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажет. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжатты пысықтап, жетілдіру қажет. Парламент депутаттарынан осыған ерекше мән беруді сұраймын. Ең алдымен, аудиторлардың қызметін реттеу керек, - деді Тоқаев.

Президент өз ұсынысын айтты.

Осы орайда әркімнің заң нормаларын өз қалауына қарай икемдеп, түсіндіруіне жол беруге болмайды. Бұл – тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптарға да қатысты мәселе. Олардың белгіленген мерзімді бұзғаны және жұмысты сапасыз орындағаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет. Мұның, әсіресе, құрылыс саласы үшін маңызы зор, - деп атап өтті Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Тоқаев Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң ЕРС шарттарын қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс екенін айтты. Бұл ретте ЕРС шарттарын жасауға дайындық шараларының мерзімі қысқа болуға тиіс. Сонда әкімдіктер басымдық берілген әрі шұғыл жүзеге асырылуға тиіс жобаларды тездетеді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы осыған дейін бюджет қаражатына сеніп отырған әкімдерді сынады. Президент қаражат игерілгеніне қарамастан еш нәтиже жоғын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы