4 Қыркүйек 2026, 13:58 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев жаңадан тағайындалған Мәдениет және ақпарат министріне бірқатар нақты міндет жүктеді

Президент Арман Қырықбаевпен кездесіп, мәдениет, креативті индустрия және ақпарат саясатына қатысты бірқатар басым бағытты айқындады.

Мемлекет басшысы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарын айқындап, ведомство алдына бірқатар нақты міндет қойды.

Мемлекет басшысы мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуды, тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан мәдениетін халықаралық аренада дәріптеудің маңызын атап өтті, - делінген хабарламады.

Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға, соның ішінде заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіруге күш салу қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыру, жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөнінде міндет жүктеді.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.