Тоқаев Руанда президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Құттықтау жеделхатында Мемлекет басшысы Руанданы Қазақстанның Африкадағы сенімді серіктесі деп атап, ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
Мемлекет басшысы Руанда Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагаме мен оның отандастарын Руанда Республикасының ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Президент жеделхатында Руанда Республикасы Қазақстанның Африкадағы сенімді серіктесі саналатынын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық қос халықтың игілігі жолында дами беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагаменің жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас Руанда халқына құт-береке тіледі.
Еске салсақ, кеше Президент тағы бір Африкадағы маңызды серіктес елдің Президентіне жеделхат жолдаған еді. Мемлекет басшысы Конго Демократиялық Республикасын ұлттық мерекесімен құттықтап, екіжақты ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәлімдеме жасады.