Тоқаев қырғыз халқына бейбітшілік, тыныштық және береке тіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті.
Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Президентінің биылғы күзге жоспарланған Бішкекке сапарының аясында қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі арттыруға бағытталған алдағы өзара іс-қимылдарды талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас қырғыз халқына бейбітшілік, тыныштық және береке тіледі.
Айта кетейік, кеше Қой-Таш ауылында кешкі сағат 20.00 шамасында күштік құрылымдар Қырғызстанның экс-президентін ұстамақ болған. Атамбаев бұл сәтте өз жақтастарымен әңгімелесуге шыққан, ауылда 200 дей адам болды, оның ішінде қариялар, әйелдер мен балалар да бар.
Жақтастары бес сағаттай Атамбаевтың үйін қорғап тұрды. Олар экс-президенті арнайы жасаққа бермей екінші ұстау әрекетіне де төтеп берді. Қақтығыс салдарынан 48 адам медициналық көмекке мұқтаж болған. Оның ішінде тоғыз адам амбулаториялық емделуге жіберілген, 25 адам жабық ми жарақатын алған, төрт адам оқ жарақатымен және тағы алты адам түрлі дене жарақатымен түскен. Арнайы жасақтың бір офицері қаза болды.
Сонымен қатар, Қазақстан президенті бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейтінін жеткізді.
Өз кезегінде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 8 тамыз күні Қауіпсіздік кеңесінде өткен жиында Алмазбек Атамбаевтың заң аясындағы тергеу амалдарына қарулы қарсылық көрсетіп, Қырғызстан Республикасының Конституциясы мен заңын өрескел бұзғанын айтты.