8 Қазан 2026, 16:22 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев пен Бердімұхамедов кездесті: Тараптар қандай мәселелерді талқылады?

Қазақстан мен Түрікменстан басшылары екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары мен бірлескен жобалардың барысын қарастырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапары аясында Сердар Бердімұхамедовпен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысы ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Кездесуде тараптар ықпалдастықтың барлық бағытында оң динамика байқалатынына тоқталды.

Мемлекеттер басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады, - делінген Ақорда хабарламасында.

Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге баса назар аударылды.

Сонымен қатар алдағы бірлескен іс-шаралар кестесі қарастырылды.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Орталық Азия және Әзербайжан елдері көшбасшыларының кездесуі өтіп жатқан Түрікменбашы қаласындағы «Аваза» кешеніне келгені хабарланған еді. Қазақстан Президентін Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов қарсы алды.

Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізуді тапсырды.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Президенті Орталық Азияда волонтерлік форум өткізуді ұсынды. 

Тағы оқи отырыңыз: $620 млрд ЖІӨ: Орталық Азия және Әзербайжанмен ынтымақтастық Қазақстанға не береді?