31 Шілде 2026, 14:36 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжанға қатысты маңызды ұсыныс көтерді

Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжан көшбасшыларының кездесуінде өңірдің болашағына қатысты маңызды бастамалар көтеріп, күтпеген ұсыныс айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өткен Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысып, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысы ең алдымен бейресми кездесуді өткізу туралы бастама көтергені және жылы қабылдағаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

Президент Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бауырластық байланыстың тарихи әрі мызғымас құндылық екенін атап өтті.

Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесу өзекті мәселелерді талқылап, көпжақты әріптестіктің алдағы басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Ол «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың» толық күшіне енуін тарихи жетістік деп бағалап, бұл құжат өңірлік ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастағанын айтты.

Мемлекет басшысы аталған Шартқа қосылғаны үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс білдірді.

Ұзақмерзімді жоспар әзірлеуді ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі кезекте шарт талаптарын нақты іске асыру қажет екенін айтып, өңірлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін ортақ іс-шаралар жоспарын қабылдауды ұсынды.

Достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға арналған ұзақмерзімді өзара ықпалдастықтың нақты бағдарларын айқындайтын іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр, – деді Президент.

Әзербайжанның қосылуы жаңа мүмкіндіктер ашады

Мемлекет басшысы Әзербайжанның Консультативтік кездесулердің толыққанды мүшесіне айналуы осы форматтың дамуына тың серпін беретінін айтты.

Президенттің сөзінше, бұл саяси диалогты тереңдетуге, инвестиция, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы әріптестікті кеңейтуге, сондай-ақ бірыңғай көлік-логистикалық жүйені қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қатар өңірішілік сауда көлемі артып, бірлескен инвестициялық жобалар көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет, білім және жастар саясаты бағытындағы байланыстардың күшеюі бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастырып, Орталық Азияның халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Атаға барғанын хабарладық.