Бүгiн 2026, 12:11 Фото: 24.kz

"Ұлт руханиятының тұғырлы тұлғасы еді": Тоқаев Мұхтар Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтты

Мемлекет басшысы Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қазақ поэзиясын жаңа белеске көтергенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Президент ақынның қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан зор үлесін атап өтті.

Мемлекет басшысы ұлт перзенті, аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.
Еске салайық, бұған дейін қазақтың ақыны, жазушысы Мұхтар Шаханов жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқанын жазған едік.
20 сәуірге қараған түні Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті.
 
Белгілі болғандай, әлеуметтік желіде Шахановтың соңғы хаты деген жазба тарады. Онда ақынның соңғы аманаты қандай болғаны жайлы жазылған.