24 Қыркүйек 2026, 11:48 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев: Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа институтты құрудың мақсаты мен оның Құрылтаймен өзара байланысына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, уақыт бір орында тұрмайды, сондықтан заманның тұрпаты мен талабы да өзгеріп отырады.

Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз.

Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірігіп отырғанын атап өтті.

Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті, – деді Президент.

Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейтетін, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылуы керек.

Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады. Осы орайда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді. Бұл қадам орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Қазақстан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың өкілеттіктері бір-бірінен бөлек екенін нақтылады.

Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды.

Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі институттың басты міндеті – бір-бірін толықтырып, бірлесе жұмыс істеу.

Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек.

Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет, – деді ол.

Президент елдің ортақ мақсаты мен Отанның бір екенін атап өтті.

Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, заң жобаларын әзірлеуде халық пікірі ескерілуі керек.

Мемлекет басшысы заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін толыққанды ескеру қажеттігін айтты.

Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргенін атап өтті.

Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы басталды. Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 126 өкіл кірді.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істеп, жалақы алмайды. Бұл туралы Кеңестің алғашқы сессиясы кулуарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов айтты.

Тағы оқи отырыңыз: Астанада тарихи жиын: Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясына дайындық қалай 

Қағазбастылықтан құтыла алмасақ, ілгерілеу болмайды – Тоқаев