10 Қыркүйек 2026, 13:44 Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Токенизация дәстүрлі қаржы мен криптонарықты байланыстыратын көпірге айналып келеді – сарапшы

Дәстүрлі қаржы институттары цифрлық активтерді пайдалану мүмкіндігін барған сайын белсенді қарастырып жатыр. Ал оларды криптонарықпен жақындастыратын құралдардың бірі – токенизация. Бұл туралы Astana Finance Days 2026 аясында BitONE Eurasia вице-президенті Афина Мяо мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта инвестициялық қорлар мен дәстүрлі қаржы нарығының өзге де қатысушылары тарапынан токенизацияға қызығушылық айтарлықтай артқан.

«Токенизацияны дәстүрлі және балама қаржыны байланыстыратын көпір ретінде пайдалануға ұмтылыс барын анық байқап отырмын. Көптеген инвестициялық серіктесіміз бен қорлар келесі қадамға дайын екенін айтады. Активтерін токенизациялағысы келетін клиенттеріміз бар. Сондықтан капитал тартудың өзге де жолдарын қарастыру қажет», – деді Афина Мяо.

Дегенмен спикер технологияға қызығушылық танытудың өзі жеткіліксіз екенін атап өтті. Мұндай өнімдерді іске қоспас бұрын олардың құқықтық құрылымы мен инвесторлардың құқықтарын нақтылап алу қажет.

Ол инвестициялық қорларды мысалға келтірді. Дәстүрлі үлгіде инвестор келісім жасасады. Онда оның құқықтары мен тараптардың міндеттемелері бекітіледі. Токенизация кезінде де қор, токен шығарушы және инвестор арасындағы қатынастардың құқықтық негізі нақты айқындалуға тиіс.

«Әлеуеті зор, шын мәнінде жаңашыл идеялар көп. Бірақ дәстүрлі қаржы саласы өкілдерінің бір бөлігі бұған әлі дайын емес. Өйткені мұны заң тұрғысынан қалай дұрыс ұйымдастыру керегін бәрі бірдей түсіне бермейді», – деді ол.

Мяоның сөзінше, нарық қатысушылары жоба дамуының ең қолайлы сценарийін ғана емес, ықтимал тәуекелдерін де алдын ала ескеруі керек.

Бұл әсіресе институционалдық инвесторлармен жұмыс істегенде маңызды. Егер клиентті қорғау тетіктері айқындалмаса, цифрлық өнімнің ықтимал жоғары табыстылығы оны инвестиция салуға итермелейтін басты дәлел болмауға тиіс.

«Біреуге: “Бұл - тамаша инвестиция, жақсы токен, мұнда 25 пайыз табыс табуға болады”, – деп айтудың мәні жоқ, егер кейін қолайсыз жағдай туындап, клиент уәде етілген нәтижеге қол жеткізе алмаса», - деді спикер.

Оның пікірінше, биржалар осы жүйеде нарық қатысушыларын қорғау тетіктерінің бірі болуы керек. Сондай-ақ инвесторлар мен бизнестің цифрлық өнімдерге сенім артуына жағдай жасауға тиіс.

«Қазір токенизацияға қатысты идеялардың көбейгеніне қуаныштымын. Бірақ адамдар өнімді қалай дұрыс құру керегін, клиенттердің қандай заңды құқықтары барын және ең бастысы, токеннің артында не тұрғанын түсінгенін қалаймын», – деп атап өтті Афина Мяо.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Astana Finance Days 2026 форумының екінші күні басталды

Форумда криптовалюта мен дәстүрлі қаржы арасындағы шекара жойылуы мүмкін екені айтылды