Тоқаев Қызылордадағы қиын жағдайды айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының экономикасының негізі болып отырған мұнай қоры таусылып, өндіру көлемі азайып барады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Қызылорда облысы күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Өңірдің негізгі табысы мұнайдан түсетіні белгілі. Бүгін де оның қоры таусылып, өндіру көлемі азайып барады. Соған қарамастан алға жылжуымыз керек. Қызылорда өңірін қолдау үшін жұмыс екі бағытта жүргізілуі керек. Біріншіден, жаңа мұнай-газ кеніштерін барлап, қазіргі кен орындарына зерттеу жүргізу керек, - деді Тоқаев.

Ол екіншіден, өңірдің экономикасын әртараптандырған абзал екендігін, сонымен қатар шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласын дамыту өте маңызды екенін айтты.

Бұл міндеттерді орындауға өңірдің өз шамасы жетпейді. Бюджеті жеткіліксіз. Сондықтан Үкіметке Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетуді тапсырамын, - деді Президент.

Ал Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова биыл 42 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтып, баяндама жасады.

Облыс бойынша 492 шақырым жол мен көше жөнделді. 13 әлеуметтік нысан іске қосылды. Облыстың 97 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім қамтамасыз етілді. Өңір экономикасының басты проблемасы - мұнай саласының артта қалуы. Уранды өңдеу азық-түлікті өңдеу мен өндіруге кері әсер етті. Биыл 4 жобаны 48,5 млрд теңгеге жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық картасын әзірледік. Биыл жобалар санын 500-ге жеткізу жоспарланып отыр. 89 жоба қазір жүзеге асырылып жатыр, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы