Тоғжанов "Арт Спорт туралы": Балалардың мүддесі бірінші орында тұруы керек
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Ол қаладағы әлеуметтік нысандарды аралап, оған қоса зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында "Арт Спорт" бағдаралмасына қатысты сұрақтарға жауап берді.
"Арт Спорт" балаларды спортпен қамтып жатқан жұмыстардың бір шеті ғана. 2,4 миллион баланың 11% ғана қамтып отырған ұйым. Қазақстанда одан басқа да көптеген ұйымдар бар. 431-ден аса спорт мектебінде 368 мың бала айналысады. Олардың бәрін мемлекет ұйымдастырып, балаларға жағдай жасап отыр. Кеше мен олардан ("Арт Спорт" өкілдері – ред.) қанша ақша бөлінеді деп сұрадым. Олардың бәрін қазір тексеріп жатырмыз. Олар да тариф төмен деген әңгіме айтып жатыр . Тарифті, бәрін есептеу керек. Шымкентте деректер сәйкес келмейді. Балалардың 20%-ға жуығы далада қалып қойған. Қағаз жүзінде олар өтті деп жазылған. Ол балалардың бәрі қайда? Сондықтан мұның бәрін халық білуі керек, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Вице-премьер бұл тақырып ел алдында ашық көтерілетінін, балалардың мүддесі бірінші орында тұруы керек екенін атап өтті.
Неге әңгіме "Арт Спорт" айналасында ғана жүр? Ол жерде "Арт Спорттың" сұрағын емес, балалардың мүддесін, мәселесін көтеру қажет. Балалардың тұлғасы көз алдымызда бірінші адам болып тұруы керек. Бүгін біраз ұйымды аралап келе жатырмын. Кеше тарифті бір балаға 14 мың теңгеге түсірейін деп жатқанын, мұның аз екенін айтады. Бүгін Алматыда "Шыңға өрлеу" деген ұйымда болдым. Бір балаға – 2 400 теңге. Ата-аналар алғысын айтып жатыр. Ақшаның айналасында балалардың мәселесін ұмытып кеттік. Тарифті емес, балаларды қамтып, оларға жағдай жасауымыз керек, – деді Ералы Тоғжанов.
Оның сөзінше, тарифтер балаларды қосымшалармен көптеп қамту арқылы төмендетіледі.
Өз үйлерінде кішкентай бассейн жасап, балаларды дайындайтын орталық ашып қойғандар бар. Ұят емес пе? Ондай жағдай аз емес. Мұның бәрін құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Бір Алматының өзінде сегіз мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соларға да, солардың аналарына да бағыттау керек. Аналары таңнан кешке дейін, тіпті түнімен баланың қасында. Жұмысқа шығуға да мүмкіндік жоқ. Баласының қасында өмір бойы отырады. Алматыда "Шапағат" деген орталық ашылды, таңертең баласын сонда тастап анасы жұмысқа кетеді. Кешке дейін бір жағынан жұмыс жасайды, екінші жағынан демалуы керек қой, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.