Тіл – ұлттың жаны
Биыл Алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы жыл толды. Осыған орай әр өңірде түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Мұндай бағыттағы іс-шаралар Ақтөбе облысында да ұйымдастырылды. Әсіресе, ана тіліміздің мәртебесін көтеруде облыста қыруар шаруалар жасалып жатыр. Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де мәселелер туралы Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасовамен әңгімелескен еді. Әлқисса...
— Облыста қазақ тілін үйренушілердің деңгейі қандай? Өзге ұлт өкілдері арасында тіл үйренушілердің саны көп пе?
— Тіл – ұлттың жаны, елдің еркіндігі мен азаттығының символы. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, дүние жүзінде он төрт күннің ішінде бір тіл жойылып кетеді екен. Егер тіл жоғалса, онда ұлт та жоғалады. Белгілі ғалымдардың ақпараттарына жүгінсек, әлемде бұған дейін 6700 тіл болса, осы ғасырдың аяғына қарай соның 3500-і мүлде жойылады деген болжам бар. Демек, тіл жойылса, мемлекеттер де жер бетінен жоғалып кетеді деген сөз. Біздің ғалымдар осы ақпараттарды саралай келе, біздің тіліміз әлемдегі өте бай, әдеби қоры көп тіл екенін айтады. Меніңше, қазір біз дәл осы тіл мәселесіне бейжай қарамай, оған барынша жанашырлық танытуымыз керек. Себебі күн өткен сайын әлемде тілдің болашағы, дін саласындағы мәселелер өте өзекті болып отыр.
Бүгінде Ақтөбе облысында қазақ тілін білетіндердің саны 94 пайызға жетіп отыр. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Жалпы біздің өңірде тіл мәселесі аса бір өзекті мәселеге жатпайды. Олай дейтініміз, кез келген ортада, қоғамдық орында тұрғындар бір-бірімен қазақша сөйлесіп, қарым-қатынас жасайды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесін көтеру үшін жүзеге түрлі шаралар ұйымдастырып, облыс тұрғындарының тілдік сұранысын қанағаттандыруда қарқынды түрлде жұмыс істеп келеді. Жыл сайын облысымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруіне бағытталған әр түрлі форматтағы шаралар кешені өткізіледі. Мәселен, біздің өңірде орыс тілді аудандар бар. Нақтырақ айтсақ, облыстағы Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында өзге ұлт өкілдері көп тұрады. Осыған орай біздің басқарма тілдерді оқыту орталығы арқылы тілдік курстар ұйымдастырып, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге мүмкіндік туғызады.
Осы тұста айта кету керек, жыл артқан сайын өңірде мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген тұрғындардың құлшынысы артып келеді. Мәселен, былтыр облыста 1800 адам, ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 900 адам мемлекеттік тілді, өткен жылы 318, ал биыл 203 адам ағылшын тілін оқыды. Осылардың ішінде облыс бойынша 351 өзге ұлт өкілі қазақша үйренді. Яғни, бұл — мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылардың 39 пайызы.
Биыл жыл басынан бері облыстағы этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептер арқылы кәріс, украин, татар-башқұрт этносының өкілдері мемлекеттік және ана тілдерін оқып үйренуде. Біз Ақтөбе қаласындағы «Оксана» украиндердің Ақтөбе облысы ұлттық-мәдени орталығы, «Шатлык» Ақтөбе облыстық татар және башқұрт этномәдени бірлестігі, «Ақтөбе облысы кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі өкілдерін әдістемелік көмекпен қамтып, мемлекеттік және ана тілдерін оқытуда жоспар бойынша түрлі жобаларды жүзеге асырдық.
Бүгінде басқарма жанындағы тілдерді оқыту орталығының til–aktobe.kz ақпараттық сайтында осындай тіл үйренушілерге арналған «Қашықтан оқыту» бөліміне енгізілген тіл сабақтары қашықтан оқуға зор септігін тигізуде. Мұндай бағытта білім алып, тіл үйреніп жатқан жастар көп.
Мұнымен қатар облыста бүгінде тыңдаушылардың қазақша сөйлеу практикасын қалыптастыру, тілдік барьерден арылуға көмектесетін «Söile & Sау» қазақша сөйлесу клубы жұмыс істеп тұр. Бұл клуб әр түрлі коворкинг орталықтарда құрылған. Шараға қатысушылар түрлі форматтағы тілдік ойындар мен тренингтерге белсене атсалысады. Бүгінге дейін Ақтөбе қаласының қызығушылық танытқан тұрғындарына онға жуық кездесу ұйымдастырылды. Егер осы клубтың белсенді мүшесі боламын деушілер болса біз әрбір тұрғынға қолдау көрсетуге дайынбыз.
Сондай-ақ өңірде өз бетімен тіл үйренемемін деушілерге арналған қашықтан оқыту жүйесі бар. Ол үшін тұрғындар til-aktobe.kz сайтына тіркелу арқылы қазақ тілін түрлі деңгейлер бойынша үйрене алады. Біздің тілдерді оқыту орталығы тек оқытумен шектелмейді, мемлекеттік қызметшілердің тілдік мәдениетін, көпшілік алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеу қабілетін жетілдіруде түрлі шаралар ұйымдастырады, әдістемелік көмек көрсету мақсатында оқу құралдарын, тілашарлар, журналдар, буклеттер шығарады. Сондай-ақ баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде телесабақтардың циклын ұсынады.
— Биыл облыс көлемінде Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай бірқатар шаралар өткізілді. Осы шаралар туралы айтып өтсеңіз.
— Биыл Қазақстан халқының тілдері күніне орай Ақтөбе облысында 5-15 қыркүйек аралығында облыстық тілдерді дамыту басқармасы этнос өкілдері арасында «Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім» атты облыстық онлайн-байқау ұйымдастырды. Бұл байқауға орыс, неміс, татар және украин ұлтының өкілдері қатысты.Байқауға қатысушылар бірінші кезең бойынша Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы эссе жазып, қалам тербесе, екінші кезең бойынша қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқыды. Осы байқауда неміс ұлтының өкілі Диана Ескельдина бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды орыс ұлтының өкілі Елена Лаврушко, ал үшінші орынды татар ұлтының қызы Розалия Исхакова иеленді.
Одан бөлек, Ақтөбе қаласында өткен «Мен қазақ тілінде қызмет көрсетемін» акциясы аясында шағын және орта бизнес нысандарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында салалық сөз орамдар мен кәсіби тілдік жағдаяттар жазылған буклеттер, флаерлар, триклеттер таратылып, насихаттау жұмыстары жүргізілді. Ал облыс көлемінде өткен семинарда аудан әкімі орынбасарлары мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, мамандары «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» және «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарымен танысып, көкейінде жүрген сауалдарына жауап алды.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқының тілдері күніне орай облыста ғалымдар мен қоғам белсенділері, тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл — халық қазынасы» атты республикалық конференция ұйымдастырылды. Оған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарушы директоры, тіл жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ осы датаға орайластырылып және Балалар жылы аясында «Ана тілі әлемі» атты халықаралық тілдік лагері жұмысын ұйымдастырдық. Аталған лагерьде Ресей Федерациясының Алтай Республикасы, Санкт-Петербург, Орынбор, Орск, Саратов, Омбы, Казань, Челябі облыстарында тұратын этникалық қазақ отбасыларынан, барлығы 31 бала келіп Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында демалды. Лагерьде балаларға қазақ тілі үйретіліп, сондай-ақ демалушылар Ақтөбе қаласының мәдени, спорттық, танымдық орындарын аралады. Облыс орталығында өткен «Kids Book Fest - 2022» фестивалін де тамашалады. Сонымен қатар, балалар тіл үйренумен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен де танысып, әр түрлі бағытта өткізілген шараларға қатынасты. Аталған лагерь «Ана тілі әлемі» атты халықаралық тіл апталығымен жалғасты. Ресей мемлекетінің үш өңірінен келген қандастарымыз ана тілінен сабақ алып, ұлттық өнермен сусындады. Бұл жоба жалпы еліміз бойынша тұңғыш рет біздің өңірде жүзеге асырылды. Келер жылы осындай лагерь жұмысын тағы да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл тіл үйренемін деушілерге өте қажет.
Сонымен қатар биыл облыстық ономастика комиссиясына қайта атау бойынша түскен төрт ұсыныс оң қорытындыға ие болдып, соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 маусымдағы №398 қаулысымен Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясына Ахмет Байтұрсынұлының және Новый орта мектеп-лицейіне Қаныш Сәтбаевтың есімдері беріліп, өңір халқы зор қуанышқа бөленді. Ахмет атамыздың мерейтойында осылайша оның есімі мектеп-гимназияға беріліп, бөркімізді аспанға аттық. Бұл да тәуелсіздігіміз бен қасиетті қазақ тіліміздің арқасында жүзеге асырылып отырған дүниелер. Біз осы үшін де егемендігімізбен, тіліміздің мәртебесімен мақтанамыз.
Оқу орындарына белгілі тұлғалардың есімін беру дәстүрі былтыр да жүзеге асқан болатын. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 наурыздағы №165 қаулысы негізінде Ақтөбе қаласының №41 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясына Фариза Оңғарсынованың және №72 жалпы білім беретін IT мектеп-лицейіне Әбіш Кекілбаевтың, 2021 жылғы 28 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №176 қаулысымен Ақтөбе халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілген болатын. Ал Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылық колледжіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 21 қыркүйектегі №640 қаулысы аясында «Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжі» атағы берілді. Одан бөлек, ономастика саласын ғылыми қамтамасыз ету мақсатында облыстық деңгейді 30-дан астам энциклопедиялық анықтамалық, топонимикалық, антропонимдік сөздіктер, ғылыми-зерттеу, картографиялық еңбектер, әдістемелік жинақтар, атластар әзірленіп шығарылды. Ұзақ мерзімді «Туған өлке», «Атаулар сыр шертеді» бірегей жобалары да жүзеге асырылып, «Мекенжайлық тіркелім» ақпараттық жүйесінде топонимикалық сөздік те жүргізілетін болды. Алып қарсақ, мұның бәрі біздің осы саладағы қол жеткізіп жатқан жетістіктеріміз.
— Облыс халқының қазақ тілін жақсы білетінін айттыңыз. Ал өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің қазақшасы қалай? Облыста іс қағаздары қай тілде жүргізіледі?
— Жоғарыда атап өткендей, облыстық тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын мемлекеттік қызметте іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілу мәселелерін назардан тыс қалдырмайды. Бұл бағытта біз тоқсан сайын мониторингтік бақылау шаралар жүргізіп отырамыз. Атап айтсақ, басқарма мамандары облыстағы мемлекеттік органдарға «Тіл туралы» заңнаманың орындалуына профилактикалық бақылау жүргізеді. Биыл осындай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірқатар мекемелерде бұзушылықтар анықталып, оларға ұсынымдар берілді. Қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік органдарда іс қағаздарының мемлекеттік тіл жүргізілу деңгейі 98 пайызды көрсетіп отыр. Біз осы тұрғыда мемлекеттік тіл саясатының негізгі бағыттарын түсіндіру үшін әрі халықпен кері байланыс орнату мақсатында өңірде үш түрлі баспа құралын шығарып келеміз. Олар — «Күншуақ», «Ономастика тынысы», «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» журналдары.
Одан бөлек, басқарманың арнайы ресми сайты мен «Тіл-актобе.кз» сайты да тіл үйренушілерге «қызмет етеді». Қазіргі кезде өңірде бір бағытта ғана бірқатар олқылықтар кездеседі. Ол — облыстағы сауда және ойын-сауық орындарындағы мемлекеттік тілдің қолдану аясы. Биыл осы жұмыстар төңірегінде мониторинг жасадық. Онда 947 көрнекі ақпараттың мәтінін саралап, оның 269-ынан Тіл туралы Заңға қайшы бұзушылықтарды анықтадық.
Қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік тілдегі деректемелер саны 678 болса, биыл электрондық пошта арқылы түскен 349 жарнама мәтіні түзетілді.
Жалпы биыл 9 айдың ішінде Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы еліміздегі «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда үздіксіз жұмыс жасады. Соның арқасында біз жоғарыда аталған нәтижелі көрсеткішге қол жеткіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғасады. Ең бастысы, қазақ тіліміздің мәртебесін биіктету жолында жасап жатқан еңбегіміз жемісті болса дейміз. Сөз соңында басқарма басшысы ретінде барша қазақстандықтарды, оның ішінде ақтөбеліктерді әркез қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазуға, ана тілімізге айрықша жанашырлықпен қарауға шақырамын. Тіліміздің тұғыры қашан да биік болсын!
— Әңгімеңізге рақмет!