17 Шілде 2026, 20:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков

TikTok-тағы тұзақ: Жұмыс іздеген астаналықтар қалай алданды?

Армандаған жұмыс – алаяқтың арбауына айналды.

Елорда тұрғыны TikTok әлеуметтік желісінде Англияға жұмысқа орналастыруға көмектесетіні туралы жарнама жариялаған.

Белгілі болғандай, әлеуметтік желі арқылы хат алмасу барысында ол қызмет көрсететіндей көрініс қалыптастырып, азаматтарға кеңес берген. Сауалнамаларды толтыруға жолдап, кейін көрсетілетін қызмет ақысы ретінде ақшалай қаражат аударуға көндірген.

Алайда қаражатты алғаннан кейін өзіне алған міндеттемелерін орындау ниеті болмай, жәбірленушілердің ақшасын жеке пайдасына жаратып отырған.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан 10 азамат зардап шекті, келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асты, - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Мемлекеттік айыптауды елорда прокуратурасы қолдауының нәтижесінде сотталушының кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді.

Сот сотталушының кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінуін, бұрын сотталмағанын, сондай-ақ келтірілген материалдық шығынды ерікті түрде өтегенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгіленіп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сотталғанға бірқатар міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жері мен жұмыс орнын өзгертуге тыйым салынды, алкоголь өнімдері тұтынылатын ойын-сауық орындарына (кафелерге, барларға, мейрамханаларға) баруына шектеу қойылды, жұмысы болмаған жағдайда жұмыссыз ретінде тіркелу міндеттелді, сондай-ақ сот белгілеген түнгі уақытта (сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін) тұрғылықты жерінен тыс жерде болмау талабын сақтауға міндеттелді.

Бұдан бөлек, тұрақты жұмыс орны немесе оқу орны болмаған жағдайда сотталған жаза мерзімі бойы жыл сайын 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Елорда прокуратурасы азаматтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде сақ болуға шақырады. Шетелге жұмысқа орналастыруға қатысты ақпаратты тек ресми ақпарат көздерінен, лицензиясы бар кадр агенттіктері және уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы алған жөн.

Бұған дейін Астанада тұрғындарды Чехияға жұмысқа тұрғызамын деп алдаған күдікті ұсталды