Терезені ашық қалдырған ата-аналар жазаға тартылады
Жас балалардың құлап кету оқиғалары көбейген.
Елде жылы кезеңнің ерте басталуына байланысты тұрғын үйлердің терезелерінен жас балалардың құлап кету жағдайлары тіркеліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Негізгі себеп – ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Тәжірибе көрсеткендей, көпжағдайда балалар қысқа уақытқа болса да қараусыз қалады, бұл қайғылы салдарға әкеледі. Ашық терезелер мен қауіпсіздік сезімін жалған түрде қалыптастыратын москиттік торлардың болуы ерекше қауіп төндіреді. Москиттік тор баланың салмағына есептелмегенін және оны ұстап тұра алмайтынын естен шығармаған жөн.
Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, мұндай оқиғалар жыл сайын тіркелуде. Мемлекет тарапынан мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған қажетті заңнамалық шаралар қабылданған.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес (27-2-баптың 2-тармағы және 27-2-баптың 3-тармағы) құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлерде терезе ойықтарын құлыптармен және қауіпсіздік механизмдерімен қамтамасыз етуге міндетті.
Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес (51-1-баптың 5-тармағының 3 тармақшасы, 51-5-баптың 2-тармағының 3 тармақшасы және 51-6-баптың 4-тармағының 2 тармақшасы) пәтер иелерінің қауіпсіз тұруын қамтамасыз ету мәселелері мүліктің меншік иелері бірлестігі, пәтерлер меншік иелерінің кооперативі және басқарудың өзге де нысандарының құзыретіне жатады.
Алайда негізгі себеп – адами фактор болып қала береді.
Осыған байланысты Бас прокуратура ата-аналардың назарын қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына аударады:
1) жас балаларды қараусыз қалдырмау;
2) жиһазды терезе маңына қоймау;
3) терезелерге арнайы блокираторлар мен шектеуіштер орнату;
4) баланың терезеге өз бетінше қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген. Тек 3 айдың ішінде осы бап бойынша 8 мың нан астам ата-анамен заңды өкіл жауапкершілікке тартылды.
Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін түсіну қажет. Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Степногорскіде 5 жастағы бала алтыншы қабаттан құлап, көз жұмды.
Тағы оқи отырыңыз:
Астанадан қонаққа келген бала Қарағандыда терезеден құлап, ауруханаға түсті