Теміржол вокзалдары мен станцияларының 90%-ын жөндеу керек – Бектенов

Теміржол вокзалдары мен станцияларының жағдайы да сын көтермейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру бағытында нақты міндеттер қойды. Бұл ретте теміржол саласының даму әлеуеті жоғары екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ ол ішкі және транзиттік жүк тасымалын арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін біз қолданыстағы темір жолдар мен логистикалық орталықтарды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз. Сондай-ақ вагон паркін жаңарту жұмыстары да тұрақты жүруде. Бұл еліміздің көлік жүйесінің тиімділігін және оның өткізу қабілетін барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн контейнерге дейін өседі, - деді Олжас Абайұлы.

Бектенов тиісті шешімдерді талап ететін мәселелер де бар екенін айтады.

Өздеріңіз білетіндей, Орталық Азия елдерінің көпшілігі өз инфрақұрылымын дамытып, халықаралық көлік бағыттарындағы ойыншылардың қатарынан орын алуға талпынып отыр. Сондықтан ел аумағындағы инфрақұрылым мүмкіндіктерін арттыра түсуіміз керек. Кедергілер мен шектеулерді алып тастап, "Шығыс-Батыс" бағытындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайту қажет. Көлік-логистика жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, серіктестерге біздегі маршруттар мен қызметтердің тиімділігін көрсете білуіміз керек. Аталған бағыттарда жұмыс тұрақты түрде жүруге тиіс, - деді Бектенов.

Премьер-министр былтырдан бері 2,8 мың шақырымнан астам темір жол жөнделгенін атап өтті.

Салық жүйесі мен теміржолдың ақпараттық жүйелері интеграцияланды. Алайда бизнес тарапынан шекарада жүктердің тұрып қалуына қатысты шағымдар әлі де жалғасуда. Сондықтан шекарадағы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі жедел көрсету үшін барлық рәсімдерді аяқтау қажет. Теміржол вокзалдары мен станцияларының жағдайы да сын көтермейді. Олардың шамамен 90%-ына жөндеу жұмыстары қажет, - деді ол.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Көлік министрлігіне бірқатар тапсырма берді.

Көлік министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеп, қаржыландыру көздерін анықтасын. Бұл магистральдық теміржол желісі мен вокзалдарды жөндеуге де қатысты. 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мың бірліктен асатын болады, бұл ішкі сұранысты толығымен жабуға мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар вагондарды жаңартуда қиындықтарға кезігіп отыр, - деді Олжас Бектенов. 

Сондай-ақ Премьер-министр Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуі қажет екенін айтты.

Бұл өз кезегінде, жолаушылар тасымалының сапасына да оң әсерін тигізеді. Теміржол жүктерін ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту және теңіз тасымалының әлеуетін арттыру үшін Ақтау портының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жеделдету қажет. Көлік министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" алдағы жылы контейнерлік хаб салып, Ақтау портының түбін тереңдету жұмыстарын аяқтасын, - деді Олжас Абайұлы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Қазақстан темір жолы" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев пойыздар неге жиі кешігетінін түсіндірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы