Теміртауда екі жасар бала су толы шұңқырға құлап кетті
Кішкентай бала қараңғыда су толы шұңқырға түсіп кеткен.
Теміртау қаласында екі жасар бала су толы шұңқырға құлап кетті. Оқиға Металлургтер даңғылы мен Амангелді көшесінің қиылысында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қараңғы көше, қоршаусыз аумақ
Куәгерлердің айтуынша, Металлургтер даңғылы мен Амангелді көшесінің қиылысындағы аумақ қоршалмаған әрі жарықтандырылмаған. Кішкентай бала сол аумақта су толы шұңқырға құлап кеткен. Үлкендер оны тез арада шығарып алып, оқиға ауыр зардапсыз аяқталды.
«5 метр терең. Ішінде су бар. Мынаған бала түсіп кетті. Қайрекең баланы шығарып алды», - дейді куәгерлердің бірі.
Баланың жағдайы қалай?
Теміртау әкімдігінің мәліметінше, бала жұмыс жүргізіліп жатқан орынның жанындағы шұңқырға (котлованға) құлап кеткен.
«Ол тез арада ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты», – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Жергілікті билік өкілдері жұмыс жүргізіліп жатқан аумақтың қоршалғанын қоса айтты. Мердігер ұйымға қоршаулардың жай-күйіне бақылауды күшейту және қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 2 жасар бала дәретханаға құлап, қайтыс болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, бүлдіршін үлкендердің қарауынсыз қалып, тереңдігі 2,5 метрлік даладағы дәретханаға құлап кеткен.