Темір мінезді тұлға

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстанның Қарулы күштеріне 30 жыл толады, оның бастауында Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткерлері мен әскери тұлғалар тұрды.

Мінез бен міндет

ҚР Қарулы күштері жоғары қолбасшылығының жарқын өкілдерінің бірі – генерал-лейтенант Болат Жанасаев.  Әскери қайраткердің өмірлік жолы генералдар мен офицерлердің қазіргі буынына үлгі.

Генерал Болат Жанасаев ҚР ІІМ Ішкі әскері, бүгінде  Ұлттық ұлан басшылылығының үнемі аузында жүретін есім. Барлық командир өздерін оның шәкірті санайды. Үлкенді–кішілі жиналыста жеке құрамға атақты генералдың сөздері мысалға келтіріліп,  басқару әдісі мен айтқан ой-пікірлері қанатты сөздерге айналған. Мұның сыры неде десеңіз, айтып өтерлік жайттар көп. Генерал Б.Жанасаев феноменін түсіну  үшін оның ғұмырына там-тұмдап үңілгеніміз жөн. 

Болат Бақытжанұлы 1952 жылдың 29 сәуірінде Ақтөбе облысы, Темір қаласында дүниеге келген. 

Адам есімі мен туған ортасы азаматтың тағдырына, жалпы тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал етеді емес пе? Есімі Болат, туған қаласы Темір қаласы болғандықтан ба, кейіпкеріміз тегеурінді мамандықты яғни, әскери саланы таңдауы пешенесіне жазылған еді. Оның әскери адам болу туралы шешімін, ең алдымен, ата-анасы, мұғалімдері мақұлдаған. 

Әкем  Бақытжан Бейсенбіұлы және анам Үрзия Сәрсенбайқызы балаларға барлық жақсылықты үйретті, өмірге қажетті жоғары адамгершілік қасиеттерді сіңірді. Осының арқасында біз лайықты адамдар болып өстік. Мектепті аяқтаған соң, Кеңес Одағының маршалы Конев атындағы Алматы жалпыәскери командалық училищесіне оқуға түстім. Офицерлер шеберханасы атанған әскери оқу орнында ол болаттай шыңдалып, алмас қылыштай қалыптастым, - деді Жанасаев. 

Оның айтуынша, саптық және дене дайындығы, қару қолдану тәсілдері, әскери киім кию үлгілері мен өмір сүрлеуінен өткен ұлағатты ұстаздарының берген білімі  курсанттық өмірдің ажырамас бөлігіндей болды. 

«Жігіт жанған от болсын» дейді халық. Болашақ генерал курсант кезінен бастап үлкен үміт ақтайтынын көрсетті. Оның спорттық, мәдени жан-жақты дамуы әскери саладағы болашақ жеңістерінің іргетасы еді. Қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхаммед Қонаев аталған әскери оқу орнына келген кезде курсанттар арасынан үшінші курс курсанты Болат Жанасаевты қазақ басшысымен тілдесу мүмкіндігіне ие болған. 

Жалындаған өрен кеңестік генералитет пен ел ағаларының арасында еш қысылмастан өз ойын еркін білдіріп, Дінмұхаммед Қонаевпен сұхбаттасқан. 

Білім жинауға берілген курсанттық кезең аяқталып, өз өмірінің жаңа сатысына ауыстым. Кеңес өкіметі салтанат құрған кезде Отан ұғымының аясы да, алып жатқан аумағы да кең болғаны түсінікті. Маған бірден туған жерімнен алшақтағы Еуропаның төрі саналатын Германияға жолдама берілді. Бұйрықтың аты -бұйрық. Отан Ана қайда жіберсе, сонда жол тартасың. Туған шаңырағынан алшақтық жас офицерді жасқандырған жоқ. Менің  жаңашылдыққа деген қызығушылығын арттыра түсті, - деді ол. 

Атақты тарихшы Лев Гумилев өз еңбектерінде көшпенділердің жаңа аумақтарды бағындыру құбылысын «пассианарий», ал адамдарды алға тартатын көшбасшыларды «пассионар» деп атаған. 

Еңбек пен шетел

Көшпенді жұртының мәдениеті, өмір салты және ғасырлық білімі қанында бар қазақ баласы үшін ел аумағынан алшақта, жаңа белестерді бағындыру таптырмас мүмкіндік болды. 

Алғашқы қызмет жолым Германиядағы Кеңес әскерлері тобында взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасарынан бастап, кейінде Сібір әскери округында батальон командирінің орынбасары, батальон командирі болып жалғастырадым. Киев әскери округында өзін жақсы қырынан көрсеткен сардарды жолдамамен Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы әскери академиясына жіберетін, - деді Жанасаев.

Генералдың айтуынша, көп ұзамай оның мансабында күтпеген өзгеріс болады.

 Ол бұл туралы былай дейді: «тағдырдың қалауымен Кеңес заманында мен Ішкі әскерлерге түстім». Әскерлерде ұлтаралық жанжалдар шиеленіскен Одақтың әртүрлі өңірлерінде қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қолдау жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндеттердің кеңеюіне байланысты осы өңірлерде жедел мақсаттағы бригадалар құру туралы шешім қабылданады. КСРО ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бұйрығымен ол жедел мақсаттағы 100-ші дивизияның 47-ші жедел полкін құруға жауапты болып тағайындалдым. (Ростов облысы Новочеркасск қаласы), - деді Болат Жанасаев. 

Оның айтуынша, сол жылдары ұлтаралық қақтығыстар орын алып, ортақ үйіміздің әр түкпірінде қақтығыс ошақтары болды. 

 «Ферғана», «Баку», «Таулы Карабақ» және тағы басқа оқиға кезінде құқықтық тәртіп әскерлерінің арқасында қаншама бейбіт тұрғынның өмірі сақталды. Қаншама азаматтар отбасыларына аман оралып, шаңырақтары шайқалмай аман қалды. Осы аумақта бейбіт өмір қалыптастыруға КСРО, Германия армиясындағы далалық оқу-жаттығуларда тәжірибесіне барлығымыз бір адамдай атсалыстық. Уақыт өте әр жердегі көтерілістердің себебімен алып мемлекет КСРО-ның шаңырағы ыдырап, бірнеше мемлекетке бөлінді. Осылайша, біздің де елде Тәуелсіздік таңы арайлап атты. Әрине, егемендік алып, қуаныш сезімі көкірегімізді кернегенмен, еліміздің қоғамдық өмірінде қордаланған көп мәселе шешімін күтіп тұрған болатын. Соның ішінде еліміздің Қарулы Күштерін қалыптастыру еді, - деді ол. 

Ар мен абырой

Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Болат Жанасевтың өмірінде де тағы бір жаңа кезең басталды. 

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданынан Жоғарғы кеңестің 12-шақырылымының депутаты атандым. Жауапкершілігі мол депутат бола жүріп, егеменді елдің Армиясының іргетасын қалауға бар ынтасымен кірістім. Әскерге қатысты мәселелерді ат үсті қарамай, оңтайлы шешілуін тікелей қадағалап отырдым. «Қазақстан Респуликасы Қарулы Күштері туралы», «ҚР ІІМ Ішкі әскерлері туралы», «ҚР ҰҚК Шекара қызметі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңдары және тағы да басқа заңдардың жобасын жасап, қабылдануына қатыстық, - деді Жанасаев. 

Қатарынан озық шыққан дара тұлғаға 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі әскердің тізгінін сеніп тапсырады. 

Ең бастысы - әскердегі жеңімпаз рухты қалыптастыру. Рухы мығым әскердің алдында алынбайтын қамал болмайды. Ішкі әскердің қызметі күрделі кездерде оны қолына алып, биік деңгейге көтеру тек іскер, еңбекқор, батыл, елжанды және темір мінезді тұлғалардың қолынан келер, - деді Жанасаев. 

2000 жылы генерал-лейтенант Болат Жанасаев басқа да лауазымды қызметтерге ауысып, абыройлы қызметін жалғастырды. Десе де Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның тарихында өшпес із қалдырды. Өміріндегі жеңісі мен жетістігінің бір парасында болды. 

Бұған дейін ҚР Президенті оған мемлекеттік маңызы бар шұғыл міндет – Республикалық ұланды құруды жүктеді. 1992 жылғы наурызда Жарлықтан кейін Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге ішкі әскерлердің жедел бригадасы базасында Республикалық ұлан  құруға кірісті.

Құрылғаннан кейін сегіз жыл өткен соң генерал Болат Жанасаев – салтанатты рәсімдерді орындауға қатысуға, Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзетуге арналған, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын арнайы әскери құралымды білдіретін Республикалық ұланның Қолбасшысы болды.

Содан кейін – "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалуына байланысты ҚР Қарулы Күштеріне көшу (2003 ж.қыркүйек) және қызмет орнын кезекті ауыстыру-төтенше жағдайлар министрлігінің Вице-министрі болды.

Кейіннен оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің орынбасары лауазымында қажырлы  жұмыс күтіп тұрды. Қорғаныс министрлігінде ол өзінің парламенттік заң шығару қызметінің нәтижелері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру мен қалыптастыруда баға жетпес рөл атқарғанын іс жүзінде сезінді. Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінінің басшысы ретінде құрметті еңбек демалысына шықты. 

Бүгіндері дарабоз тұлға еліміздің маңдай алды компанияларының бірінде ел игілігі үшін еңбегін әрі қарай жалғастырып келеді. 

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін генерал Қарулы Күштермен, Ұлттық ұланмен, Мемлекеттік күзет қызметімен және өзінің туған білім ошағына  айналған С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтымен, бұрынғы АВОКУ-мен, Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінінің оқытушы құрамымен, сондай-ақ ардагерлермен және қурстас достарымен  байланысты үзбедік. Керісінше, қолым босағанда барлығымен етене араласып тұрамын, - деді Болат Жанасаев.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы