Тәжірибе мен білім. Шетелдік журналистер Қытайда тағылымдамадан өтті

Қытай халықаралық баспасөз орталығының (CIPCC) шетелдік БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырған бағдарламасы өз мәресіне жетті. Бүгін бағдарламаның жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

CIPCC ұйымдастырған бағдарлама шамамен 5 айдан аса уақытқа созылды.

Бағдарламаға қатысқан шетелдік 80-нен астам журналистің қатарында BAQ.KZ  ақпарат агенттігінің тілшісі де бар.

Қытайдағы 2022 жылғы Қытай халықаралық баспасөз орталығының (Еуразия баспасөз орталығы) (CIPCC) бағдарламасына қатысуға келген журналистер ең алдымен елдегі эпидемиологияға қарсы талаптарға сәйкес карантинде болды.

Қытай халықаралық баспасөз орталығының биылғы бағдарламасының ұйымдастырушысы - Қытайдың қоғамдық дипломатия қауымдастығы (CPDA).

Бағдарлама аясында CIPCC Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, дипломатия, мәдениет, ғылым және техника бойынша дәрістер, журналистика бойынша оқыту және тағылымдамалар өткізді. Сонымен қатар журналистердің тиісті мемлекеттік ведомстволармен, кәсіпорындармен, талдау орталықтарымен және БАҚ-пен кездесулерін ұйымдастырып, ел провинцияларына сапарлар өткізді. 

Шетелдік БАҚ өкілдері соңғы 5 айдың ішінде Қытайдың танымал телеарна, газет және ақпарат агенттіктерінде тағылымдамалардан өтті. Атап айтқанда, Синьхуа ақпарат агенттігі, Онлайн халық газеті («Жэньминь жибао») және т.б.

Сонымен қатар Шэньси мен Аньхой провинцияларын аралап, Шанхай қаласында өткен халықаралық импорт көрмесіне қатысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ Қытай коммунистік партиясының ХХ съезіне қатысты.

«Бейжің стиліндегі» өмір

Бағдарламаның онлайн жабылу рәсіміне қатысқан журналистерге ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Хуа Чуньин ханым жылы лебізін жолдады.

Осыдан бірнеше ай бұрын бағдарламаның ашылу рәсімінде кездескеніміз әлі есімде. Соңғы бірнеше айда біз Қытайды тереңірек түсінуге қол жеткіздік. Барлығыңыз Бейжіңдегі мемлекеттік мекемелерге, кәсіпорындарға, сараптамалық орталықтарға бардыңыздар. Сонымен қатар жергілікті БАҚ-тың жұмысымен де таныстыңыздар. Онымен қоса кең Чаньан даңғылында велосипедпен жүріп өтіп, әдемі Лянма өзеніне круиз жасадыңыздар. «Бейжің стиліндегі» өмір сіздер үшін сәнді үрдіске айналып үлгерді деп ойлаймын. Әрқайсысымыз қазіргі Шанхай қаласының ашық экономикалық үлгісі мен орасан зор нарықтық әлеуетін сезіндік. Сондай-ақ ҚКП-ның даңқты дәстүрлері мен революциялық киелі жері Яньаньді араладық. Оңтүстік-шығыс жағалаудағы Фуцзяньға, түрлі-түсті оңтүстіктегі Юньнанға саяхат жасап, әдемі Аньхой провинциясымен таныстық, - деді Хуа Чуньин.

Сыртқы істер министрінің көмекшісі шетелдік журналистерге бірге жұмыс істеу арқылы үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік болғанын айтты. Сондай-ақ ол осы уақыт аралығында күнделікті жұмыста да, өмірде де бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, достық қарым-қатынас орната алғанымызды қоса кетті.

Хуа Чуньин сөзін қорытындылай келе, шетелдік достары үшін Қытайдың есігі әрқашан ашық екенін айтып, бағдарламаға қатысқан БАҚ өкілдеріне жарқын болашақ, елдер арасындағы достық байланыстың мәңгіге жалғасуын тіледі.

Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығының төрағасы У Хайлун да бағдарлама жайында өз ойын ортаға салып, журналистерге сәттілік тіледі.

Барлық журналист үшін соңғы бірнеше ай айтарлықтай тез өтті деп ойлаймын. Сіздер осы уақыт аралығында 50-ден астам партиялық және мемлекеттік мекемеге, орталық кәсіпорындарға, университеттерге, талдау орталықтарына және Бейжіңдегі жекеменшік кәсіпорындарға барып, Шандун, Шэньси, Ляонин, Шанхай, Юньнань сияқты жеті жергілікті провинциялар мен қалаларды аралап үлгердіңіздер. Мәдени тәжірибеге арналған 30-ға жуық іс-шараларға қатысып, БАҚ өкілдеріне арналған дәрістерге қатыстыңыздар. Осы іс-шаралар арқылы Қытайдың қарқынды дамуының серпінін сезініп, Қытай коммунистік партиясының жүз жылдық тарихын бақыладыңыздар, дәстүрлі қытай мәдениетінің ерекшелігін бағалап, онымен жан-жақты таныса алдыңыздар, - деп айтты У Хайлун.

Ол Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығы алдағы уақытта да Қытай халықаралық баспасөз орталығын белсенді жоба ретінде қолдайтынын атап өтті. 

Қауымдастық бұл жобаны ұзақ уақыт бойы дамытуды жалғастырады және дамушы елдердің журналистері Қытайға іссапармен келуіне, елді көріп, көпшіліктің арасындағы «алтын көпір» болуына мүмкіндік алуы үшін одан сайын жақсарта түсеміз, - деп айтты Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығының төрағасы У Хайлун.

Ол шетелдік БАҚ өкілдеріне мықты денсаулық және ақ жол тіледі.

Тарих – ол ең мықты ұстаз

Иорданиялық журналист Вафа Фавваз бағдарламаның салтанатты жабылу рәсімінде Қытайда болған  бірнеше айында қандай тәжірибе жинағанын айтты.

Бүгін жабылу салтанатында алдарыңызда сөйлеу мүмкіндігін алғаныма өте қуаныштымын. Осы уақыт аралығында біз әр елден келген әріптестерімізбен бір отбасы ретінде бірге көптеген бақытты және әдемі сәтті бастан өткердік. Осы көп айлық бағдарламаны ұйымдастырғаны үшін Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығына алғысымды білдіремін, - деп айтты әріптесіміз.

Иордания ақпарат агенттігінің өкілі бағдарламаның жеке өзі және журналистік мамандығы үшін маңызы зор екенін айтты.

Мен тарихқа құлшыныспен қызыға қараймын. Менің ойымша, тарих – ең мықты ұстаз. Ол бізге бүгінді түсінуге және болашақты болжауға үйретеді. Біз тарихтан құнды сабақ ала аламыз. Соңғы бірнеше айда журналистеріміз бағдарлама аясында ұйымдастырылған сапарлар мен дәрістерге қатысып, тәуелсіздік алғаннан кейін Қытайдың қол жеткізген нәтижелеріне куә болды. Біз Қытайдың көтерілуін және оның саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы жетістіктерін өз көзімізбен көрдік, - деп толықтырды Вафа Фавваз өз сөзін.

Ол сөзін қорытындылап, бағдарламаға қатысқан араб әріптестерінің атынан Қытай СІМ-не, Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығына және Қытай халықаралық медиа орталығының барлық қызметкеріне алғысын айтты.

Қазіргі күні шетелдік БАҚ өкілдері елдеріне орала бастады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы