"Таза Қазақстан". Талдықорғанда 1650 тонна қоқыс шығарылды
Талдықорған қаласында "Таза қала Талдықорған" акциясы өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында "Таза қала Талдықорған" акциясы өткізілді. Оған 100-ден астам тұрғын мен волонтер қатысты. Акцияға қатысушылар қаладағы Астана мен Балапанов көшелерінің бойына 200 түп ағаш отырғызды. Көшелер, арықтар мен жолдардың маңайы тазаланды.
Осы күні тазалық шаралары облыстың барлық аудан, қалаларында да жалғасын тауып, шараға тұрғындармен қатар барлық мекеме-ұйымдар, түрлі сала қызметкерлері атсалысты.
Ал облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні облыс бойынша 82 тонна қоқыс шығарылып, 83 техника жұмылдырылды. Экологиялық шараға қатысқан адамдар саны 3830-ден асты.
Акция бастау алғаннан бері Жетісу облысы аумағында 40 719 адамның белсене атсалысуымен 1650 тонна қоқыс шығарылып, 470 арық желілері тазартылды.
Еске салсақ, республика бойынша жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдарының бастамасымен "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан бес аптаға созылады. Əр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаты бар. "Таза өлке", "Киелі мекен", "Жасыл аймақ", "Өнегелі ұрпақ", "Мөлдір бұлақ" апталықтарында өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру, тұрғындарды тазалыққа шақырып, аулаларды көшелерді ретке келтіру, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын, су айындарының маңын тазалау сияқты жалпы туған өлке табиғатына, қоршаған ортаға қамқорлық шаралары кеңінен атқарылады.
Бұдан бөлек науқан барысында Түркістанның Созақ ауданында 1 мың адам 240 тонна қоқыс жинағаны хабарланды.