Тәуелсіздік жастары: Мемлекетті кінәлай бермей, білім алу керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толатыны белгілі. Айтулы мерекені тойлау жыл басынан басталды. Осы орайда тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастардың тұлғалық қалыптасу жолы туралы жазуды жөн көрген едік. Тәуелсіздік құрдасы Ботагөз Нышанның 30 жылдық өмірлік тәжірибесі туралы оқи отырыңыз.
Білім мен білік
Ботагөз 1991 жылдың 14 ақпанында Түркістан облысы Шардара ауданына қарасты Қазақстан ауылында дүниеге келген.Үйде 6 ағайындымыз. Әкем көлік жүргізушісі болған. Анам бала тәрбиесімен айналысты. Қазір ата-әже болып, зейнеткерлікке шыққан. Мен Шымкент қаласындағы №66 Қазығұрт орта мектебінде 9-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін «журналист болам» деген арманымды орындау мақсатында Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатты тәмамдадым. 10-сынып оқып жүрген кезімде парсы тілі туралы алғаш хабардар болдым. Ешқандай «өлі» тіл емес, бірнеше млн халық сөйлейтін тіл екенін біліп, оған қызығып, іздене бастадым. Осылайша, ҚазҰУ-де ашық есік күні болатынын естіп, Ирантану кафедрасын іздеп бардым, - деп бөлісті Ботагөз.
Жас ғалым арманынан айнып, басқа мамандықты қалай таңдағанын айтып берді.
Ол жерде марқұм Өтеген Күмісбаев ағамызбен сөйлесіп едім. Ол кісі парсы тілінде өлең оқып берді. Тілдің әуездігі мен әдемілігіне сол кезде қайран қалдым. Журналист болам деген мен, аяқасты шығыстану мамандығын таңдадым. Осылайша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің парсы тілі бөліміне оқуға түстім. Бакалавр деңгейін тәмамдадым. Оқу кезінде олимпиадаларға қатысып, Ирандағы Шираз университетінде 1 айлық тіл курсын оқу мүмкіндігін жеңіп алған едім, - дейді Ботагөз Нышан.
Оның айтуынша, магистратураны Алматыдағы Ғылым ордасы мен ҚазҰУ бірлескен жобасы аясында Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану институтында тәмамдаған.
Оқуды аяқтаған соң институтта біраз жыл жұмыс істедім. Қазір Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-да халықаралық қатынастар факультетінің түріктану мамандығы бойынша докторантурада оқып жатырмын. Ортағасырда жазылған парсы дереккөздеріндегі түркілер тарихын зерттеп жатырмын, - деді ол.
Шығыс пен шайыр
Шығыс философиясына қызығушылығым парсы әдебиетінен басталды. Ортағасырдағы парсы әдебиетін ерекше ұнатамын. Оны Иран әдебиетшілері сопылық әдебиет деп атайды. Абай атамыз жырлап өткен 7 шайыр сопылық әдебиеттің өкілі болған. Дін мен философия астасып жатқандықтан, олардың өлеңдерінен көп философиялық мән табасың. Қайсыбірінің шығармасын оқысаң да, рухани азық алуға болады, - дейді Ботагөз.
Ол атап өткендей, ирандықтардың менталитеті мен көзқарасын қазақстандықтарға ұқсатуға болады.
100 пайыз сәйкес келеді деп айта алмаймын. Дегенмен біздің мәдениетіміз ұқсайды. Ортақ мерекелеріміз де бар. Мысалы, Наурызды тойлаймыз. Оларда таруф деген түсінік бар. Яғни, ілтипат көрсету дегенді білдіреді. Халықтың бойына сіңіп, қалыптасып қалған. Иран мәдениеті, парсы тілі өте нәзік. Халқының жүрегі жұмсақ. Біз сияқты қонақжай. Иранға барған кезде профессорлардың өздері қарсы алып, ілтипат көрсетіп, кітаптарын сыйға тартты. Өте жақсы күткен еді, - деді Ботагөз Нышан.
Оның айтуынша, қай жерге барсаң да шай мен тәттілері тұрады. Оны ішпей кетуге болмайды. Өте мейірімді халық.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, хазарлар Ауғанстан жерінде өмір сүретін халық. Бірақ олардың түбі Орта Азия жерін мекендеген түркілер деп айтып жатады. Иранда хазарларды кездестірдім. Ізденгенде байқағаным, қазақтарға келеді. Ұқсастықтары көп екен. Мысалы, ұлттық аспап бізде де, оларда да домбыра болып есептеледі. Тіліміздегі ұқсастық та бар, - деді Ботагөз Нышан.
Мәдениет пен майдан
Қазақстанның қазіргі мәдениетінің деңгейіне «жақсы» деген баға берер едім. Өнер деген тоқтап тұрмайды, үнемі дамуы керек. 90-жылдардың соңында орысша әндер тыңдайтынмын. Кейіннен қазақша жаңа әндер шыға бастады. Қазақ эстрадасында «Орда» тобы, Рахат Тұрлыхановтар пайда болды. Кейін тойға шығатын әіншілер көбейді. Ол әншілерден кейін шыққан қазіргі заманғы мақам ұнайды. Олардың саны өте көп. Бірақ көп болғаны да жақсы, себебі сан көп болса, сапа болады, сападан бәсеке туындайды, - деді тәуелсіздік құрдасы.
Ботагөз Нышанның айтуынша, қазақ өнеріне жаңа леп алып келген 91 тобын ерекше айтуға болады.
Нағыз тәуелсіз жастар, ешқандай таптаурынмен шектелмеген. Осындай жастар қазақ өнерінде көп. Болашақта біздің деңгейіміз өсетініне сенемін. Кезінде біз тыңдаған ресейлік әншілердің өзі қазақтың жастарына қызығушылық танытып жатыр, - деді жас ғалым.
Ботагөз жаны сүйетін, қызығушылық танытатын саласы туралы да айтып берді.
Алматының тауларын бағындырғанды жақсы көремін. Одан бөлек, тоқымамен айналысқанды ұнатамын. Өзіме, туған-туысыма, құрбыларыма әртүрлі дүниелер тоқып беремін. Карантин кезінде мен конструктор арқылы сайт жасауды меңгердім. Жақында taplink жасауды үйрендім. Біраз танысыма жасап, ақырындап жаңа дүниені меңгеріп жатырмын. Одан бөлек, ғылыми басылымдарға мақала жазып, диссертациямды жазу үстіндемін. Алматы кітапханалары қорға бай. Зерттеу жұмыстарын жүргізугі өте қолайлы. Сондай-ақ карантин кезінде SMM, копирайтерлікті меңгердім. Жақында түрік тілін меңгеруді қолға алдым. Біліктілігімді арттырып жатырмын, - деді тәуелсіздік құрдасы.
Орда мен отыз
Отызында орда бұзар деген сөз бар ғой. Сол сөздің мағынасын нақты біле бермейді екенбіз. Өзім де солай ойлап келген едім. Жақында белгілі ғалым Досай Кенжетайдың жазбасын оқып едім, сонда ол «орда бұзу деген жау шабу емес, өзіңнің басты жауың – өзіңді жеңіп, нәпсіңді тыйып, өз еркіңді билей алуың» дейді. Осыны оқыған соң, мен де ойландым. Мен орда бұза алатын жастамын және орда бұза алам ба деген сұрақ туындады. Өзімді нәпсімді тізгіндей алатын, өзімді басқара алатын адам ретінде алатын болсам, иә, мен орда бұза аламын, - дейді ол.
Ботагөз Нышан азды-көпті жеткен жетістіктері бар екенін, бірақ әлі де дамып жатқанын айтты.
Өзімді танып жатырмын. Адам деген тылсым жаратылыс қой, ол өмір бойы өзін зерттейді. Сондықтан өзіңді танумен өмір бойы айналысу керек. Сол жағынан Қазақстанмен ұқсастығым бар деп ойлаймын. Бірақ кейде өзіміздің құнымызды, қадірімізді білмей жатамыз. Бұл жағынан да ұқсаспыз деп ойлаймын. Бірақ екеуміздің де болашақтан үмітіміз зор, - деді ол.
Ол атағандай, таптаурынды бұзып, көзқарасты өзгертетін - сана.
Санаңды өзгертуге тырыссаң, ізденсең, өміріңді де өзгертуге қауқарлысың. Сол себепті адамның санасы өзгермей, жетістікке жету мүмкін емес. Тәуелсіздік деген менің түсінігімде ойыңды ашық айта алатын, Жерді жалпағынан еркін басып жүре алатының деп ойлаймын. Себебі бізге дейін ата-бабамыз бөтен елдің қас-қабағына қарап, бодан болды. Қазір біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл тәуелсіздік ата-бабамыздың қанымен келген тәу ететін қастерлі қазынамыз. Ата-баба аманаты. Сондықтан аманатқа қиянат жасамай, бос жүрмей, барлығына мемлекетті кінәламай, білім алу арқылы елдің дамуына үлес қосу қажет, - деді ол.
Ботагөздің айтуынша, қай елді алып қарасақ та, бір бағытта емес, жан-жақты дамиды.
Бірақ Қазақстан ғылымға көп көңіл бөлсе деген тілегім бар. Дамыған елдердің ғалымдары жаңалық ашып жатқанда қынжыласың. Бізде де жаңалық ашатын жастар көп. Соған мемлекет көбірек көңіл бөлсе, ғылыми жаңалықтар көп болатын еді. Одан үміт үзбеймін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» деп айтып жатады ғой. Сол бейбіт күніміз мәңгі болсын. Шекарамызға ешкімнің көзі түспесін. Ішкі және сыртқы жаулардан сақтасын деп айтқым келеді, - деп түйіндеді Ботагөз Нышан.
Айта кетейік, осыған дейін тәуелсіздік құрдасы Гүлдана Дәуренбекпен сұхбаттасқан едік.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Жетісуда медицина деңгейі төмен
Өзгелердің жаңалығы