Тауар биржаларында жасалған мәмілелерді бақылау мемлекетке қайтарылады
Мәжіліс жалпы отырыста трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасын Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов таныстырды.
Оның сөзінше, 2019 жылдан бастап тауар биржаларында мәмілелер бойынша трансферттік баға белгілеуге бақылау жүргізілмеген. Нәтижесінде нарықтағы бағадан төмен бағамен экспорттық мәмілелер жасау (сатып алушымен сөз байласу) арқылы капиталды елден шығару қаупі туындайды.
2019 жылы Қазақстандағы тауар биржалары арқылы өткізілген сұйытылған газ және астық бойынша импортталатын мемлекеттегі (Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан) нарықтық бағадан 10-25 пайызға төмендетілгені анықталды. Бұл тексеру тек 2019 жылы жүргізілген, - деді депутат.
Заң қабылданғаннан кейін егер мемлекет сатып алушының тауарды жеткізуге байланысты барлық шығынын ескере отырып, сәйкессіздікті анықтаса, сатушы компанияға қатысты сатудан түскен кіріске түзету енгізіледі. Бұл қосымша салық төлемдеріне әкеледі.
Заң жобасында 5 норма қарастырылған:
Бірінші. Нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдану жетілдіріліп жатыр. Салық төлеуші үшін де, аудиторлар үшін де әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін халықаралық мәміленің сипатына байланысты сол немесе басқа әдісті дәлірек анықтау ұсынылады.
Екінші. Нарық ауқымын анықтау механизмі қайта қаралды. Төтенше мәндерді қоспағанда, диапазонды нақты бағаларға дейін тарылту ұсынылады.
Үшінші. Капиталдың шығарылуына бақылауды күшейту үшін тараптардың өзара байланысын анықтау кеңейтілді.
Төртінші. Елдің тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуін бақылау қамтамасыз етілген.
Бесінші. Есеп беру талаптары өзгеріп жатыр. Енді жергілікті есептілікті тапсыру міндеті байланысты резидент емес тұлғалармен операцияларды жүзеге асыратын салық төлеушілерге жүктеледі.