Тарихты жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді – Тоқаев
Мұндай ойды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз. Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді. Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?! – деді Президент.
Тоқаев біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама екенін атап өтті. Себебі, қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық.
Санасы сергек, ойы азат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады. Әсіресе, қазір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қадам басып жатқан кезде бұл ұстаным айрықша маңызды, - дейді ол.
Президенттің айтуынша, біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек.
Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз. Төл тарихымызды тар жол, тайғақ кешсе де, алған бетінен қайтпаған, еңсесін тік ұстап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар жазды. Олар ұлтымыздың көшін алға бастады, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.
Тоқаев елімізді көркейтеміз десек, осындай ұлт перзенттерінің өмірін, ұстанымдарын үлгі-өнеге етуіміз керегін атап өтті. Сөзінше, «ондай болмақ қайда» деп, қол қусырып отыру – қаһарман жұртымызға тән қасиет емес.
Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Өмірде табысты, қоғамда сыйлы болады. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы, - деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ашылғаны хабарланды.
Сондай-ақ, Президент Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуымен құттықтады.