Таразда анасы ұрып-соққан бүлдіршіннің әкесі оны балалар үйінен алып кетуге тырысуда
Таразда кіші ұлын ұрып-соққан әйелдің балалары орналастырылған балалар үйіне олардың әкесі жиі барып жүр. Ол баланы мекемеден алып кетуге әрекеттеніп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазір әйел арнайы диспансерге жатқызылған, ал балалары балалар үйінде.
Кіші ұлым менімен бірге тұратын. Екі апта бұрын ол келіп, баланы алып кеткен. Содан кейін бәрі басталды. Мен үшін балалар бірінші орында. Қазір АХАТ-қа, сотқа барып, әкелік құқығымды қалпына келтіремін. Тірі жүргенше қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Қазір көпшілік үлкен қыз маған тиесілі емес деп жазып жатыр. Бірақ мен оларды бөлмеймін. Екеуі де – менің балаларым, мен оларды алып кеткім келеді, - дейді баланың әкесі Айдар Мамыт.
26 жастағы ер адам балалар үйіне күн сайын барып жүргенін айтады. Ол үшін Қордай ауданынан арнайы Таразға келген. Алайда бұған дейін қайда болғаны туралы сұраққа нақты жауап бермеген.
Ерлі-зайыптылар ресми түрде некеге тұрмаған. Дегенмен, 20 жастағы ана шошытатын бейнежазбаларды дәл осы әкесіне жіберу үшін түсірген. Болжам бойынша, ол осылайша одан ақша алмақ болған.
Қамқоршылық органдары бірнеше күн бойы ананы райынан қайтаруға тырысқан. Алайда ол өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқан. Соның салдарынан балалар анасынан алынып, өзі арнайы диспансерге орналастырылды. Оны ата-ана құқығынан айыру мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр.
Қазіргі таңда балаларды әкесіне беру мәселесі қарастырылмайды.
Қыз балаға қатысты әкелік анықталған, ал ұл балаға қатысты – жоқ. Әкесіне сот органдарына жүгіну қажет. Ата-ана құқығын шектеу туралы сот процесі аяқталғанға дейін кәмелетке толмаған балалар мемлекет қамқорлығында, балалар үйінде болады. Сот шешімін күтіп отырмыз, - деп хабарлады Тараз қалалық білім бөлімі.
Еске салайық, әлеуметтік желіде әйелдің баланы ұрып жатқан сәті түсірілген видео тараған болатын. Сондай-ақ, ол баланың көзіне шам жарығын түсіріп, азаптағаны көрінеді. Бұдан бөлек, анасы үлкен қызын да бауырын қинауға мәжбүрлеген.
Полиция мәліметінше, анаға қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі – «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-ананың орындамауы» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған оқиғаға байланысты Оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді.