Бүгiн 2026, 15:30 Фото: Жамбыл облысының Полиция департаменті

Таразда 14 жастағы қыз бір аптада үш рет түнде көшеден табылды

Жамбыл облысында өткен рейд кезінде жүздеген жасөспірім анықталды. Ал Тараздағы 14 жастағы қыздың оқиғасы полицияның ерекше назарын аударды.

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, рейд барысында полиция бөлімшелеріне 340 кәмелетке толмаған жеткізілген. Оның 57-сі түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін анықталса, қиын өмірлік жағдайға тап болған төрт бала Балаларды қолдау орталығына орналастырылған.

Жамбыл облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Әбдікәрімовтің айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты жасөспірімдерді жазалау емес, көмек пен бақылауды қажет ететін балаларды дер кезінде анықтау болған.

Фото: Жамбыл облысының Полиция департаменті

Профилактикалық шаралар барысында заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта көшеде жүрген 266 жасөспірім анықталды. Сонымен қатар заң талаптарын бұза отырып ойын-сауық орындарында болған 17 кәмелетке толмаған тіркелген.

Рейд кезінде Тараз қаласының 14 жастағы тұрғыны ерекше назар аудартты. Полицейлер соңғы бір аптаның ішінде оны түнгі уақытта үш рет үйіне қайтарған. Қыз бала мен оның анасымен бірнеше мәрте профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, жағдай өзгермеген, - деп хабарлады Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі. 

Полицияның мәліметінше, жасөспірім бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына ілінген. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның шешімімен ол Балаларды қолдау орталығына орналастырылып, кейін арнайы мектепке жіберілетін болды.

Іс-шара нәтижесінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 47 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз ойын-сауық орындарында болуына жол берген 10 мекеме иесі жауапқа тартылған.

Бұдан бөлек, 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь өнімдерін сатқан тоғыз адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал профилактикалық есепке 19 жасөспірім мен 11 қолайсыз отбасы қойылды.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында балалардың құқығын қорғау саласында 235 заңбұзушылық анықталғанын хабарладық.