Танымал актер Асылхан Төлепов пен Ермахан Аймахан вакцина салдырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы Абу Даби Плаза сауда орталығындағы вакцинациялау пунктінде өнер адамдары вакцина салдырды.

Еске сала кетсек, бұл бекет 22 сәуірден бастап іске қосылды. Мұнда №9 қалалық емханасының жылжымалы бригадасы жұмыс істейді.


Абу Даби Плазада ашылған вакцинациялау бекетінде халықты жаппай вакцинациялау қарқынды жүріп жатыр. Бүгін вакцина алуға елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы келді. Олардың қатарында актер Асылхан Төлепов, Ермахан Аймахан және Мекан Жұмабаев бар.



Пациенттерді алдымен кіреберіс жерде орталықтың қызметкерлері тіркеді. Кейін олар өз кезегі келгенде терапевтке кіріп, тексерілді.

Вакцина алып шыққан театр қызметкерлері өз пікірлерін айтып, қандай вакцина салдырғандарымен бөлісті.


Музыкалық жас көрермен театрының актері, танымал кино актері Асылхан Төлепов өз еркімен вакцина салдырып жатқанын айтты.

Өз еркіммен вакцина алуға келдім, ешкім үгіттеген жоқ. Өйткені денсаулық керек, күтіну керек. Әрбір іске сын айтпас бұрын, бірінші өзіңді түзеу керек. Отбасымда бірінші болып вакцина алуды мен бастадым. Дәрігерлер таңдауға бірнеше вакцинаны ұсынды. Мен Sputnik V-ді таңдап, салдырдым. Керемет сезімдемін. Бүгінгі бірінші компонентін салдырдым, енді екіншісін салдырғанша, күтіну керек, - дейді ол.
 

Танымал актерге дәрігерлер вакцина салмас бұрын алғашқы үш күнде екпе салған жерге су тигізуге, моншаға түсіп, физикалық жүктеме жасауға болмайтынын түсіндірген.

Температура болуы мүмкін деді. Ол қалыпты нәрсе. Негізі былтыр үйде жатып, дәм сезбеу сияқты КВИ-дің белгілерін байқадым. Бірақ оған бір жыл өтті, қазір өзімді жақсы сезініп жүрмін. Вакцина жайында маған келетін шын не жалған ақпарат болсын, оларға мән бермеймін, қарамаймын. Жақсы-жаман деп айтқандардың сөзіне еріп, шешім шығармаймын. Денсаулық өзіме керек, жақындарымызды күтуіміз керек. Болашақты да ойлауымыз керек. Сол үшін вакцина алдым, - деп Төлепов түсіндірді.
 

Ол алдағы уақытта отбасы мүшелері де вакцина алатынын айтты.


Сонымен бірге театрдың жас актері Ермахан Аймахан да вакцина алды.

Директорымызбен бірге келіп, мен де вакцина алдық. Ешқандай ауырсыну байқалмайды. Ресейде өндіріліп, Қарағандыда құйылған Sputnik V вакцинасын салдырдым. КВИ-ге қарсы екпені өз еркімізбен салдырдық, ешкім үгіттеген жоқ. Денсаулық өзіңе керек. Сол себепті вакцина алдым, - дейді ол.

Ермахан Аймаханның пікірінше, вирустан құтылу үшін халық жаппай вакцина алуы керек.



Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының магистранты, түрікменстандық Мекан Жұмабаев та вакцина салдырды. Ол қазір елордадағы музыкалық жас көрермен театрында режисердің асситенті ретінде тәжірибе жинақтап жүр.

Вакцина алу туралы бұрыннан ойлап жүр едім. Бүгін әріптестеріммен бірге келіп алып тұрмін. Өзімді әдеттегідей жақсы сезініп тұрмын. Вакцина алуға іштей дайын болдым. Мемлекет өз халқына ешқашанда жамандық ойламайды. Сондықтан тәртіпке бағыну керек. Коронавируспен жақындарым, таныстарым ауырды, дүниеден өтіп кеткендері де бар. Сол себепті вакцинаға сенемін. Енді еліме (Түрікменстан – Baq.kz) оралғанда вакцина алып, дайын болып барамын. Биыл оқуымды бітіремін. Еліме оралуға осылай дайындалып жатырмын, - деп түрікменстандық Мекан Жұмабаев айтты.

Актерлермен бірге театрдың директоры Асхат Маемиров та вакцина салдырды.

Айта кетейік, сауда орталығының жұмыс уақыты күнделікті сағат таңғы 10.00-ден 22.00-ге дейін. Сондай-ақ вакцина алуға баратын азаматтар өзімен бірге жеке бас куәлігін алып келуі керек. Вакцинация процедурасы кезек ретімен өтеді.


Сондай-ақ вакцинациялау бекетінде бірінші және екінші компонент алуға арналған кабинеттер бар.

Вакцина алғаннан кейін азамат 30 минуттық күту алаңына өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы