"Тамыр соғысы мен қысым болмаған": дәрігерлер алматылық футболшының өлімі туралы айтып берді
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 19 жастағы футболшының қазасына қатысты түсініктеме берді. Жас жігіт ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, 2006 жылы туған пациент Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Науқасты жеке медициналық жедел жәрдем қызметі әкелген, олар оқиға орнында кезекшілік атқарған.
Ауруханаға түскен кезде тамыр соғысы мен артериялық қысым болмаған, қарашықтар кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізді, алайда барлық қолданылған шараларға қарамастан, өмір белгілерін қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді, – деді ҚДСБ-да.
Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Қайтыс болған адамның туған-туыстарына шын жүректен қайғырып, көңіл айтамыз, - деді басқармада.
Еске салайық, 16 қазанда “Хан-Тәңірі” футбол клубының ойыншысы Диас Төлеу көз жұмды. Қазақстан футбол федерациясы қайғылы жағдайды растады және арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Клуб өкілдерінің айтуынша, оқиға матч кезінде болған, дәрігерлер спортшыны аман алып қала алмады.
Айта кетейік, бұған дейін ақтөбелік жас футболшы көз жұмған болатын.