Талдықорғанда жағажайдан ер адамның денесі табылды
Полиция қылмыстық іс қозғады.
Талдықорғанның қалалық жағажайында жасы шамамен 50-55-тердегі ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоқ.
«Қалалық жағажай аумағынан зорлық-зомбылық белгілері жоқ ер адамның денесін табу фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінен.
Полицейлер өңір тұрғындары мен қонақтарын су айдындары маңында демалу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
«Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын су айдындары маңында демалу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Шомылу кезінде алкогольді ішімдіктерді тұтынбаңыздар, жабдықталған әрі қауіпсіз аймақтардан тыс жерге жүзіп кетпеңіздер. Сондай-ақ судағы өзін-өзі ұстау ережелерін қатаң сақтаңыздар. Өздеріңізді және жақындарыңызды күтіңіздер», – деп толықтырды департаменттегілер.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда суға батып кеткен әрбір үшінші адамның біреуі – бала екені хабарланды.