Бүгiн 2026, 16:35 Фото: видеодан скриншот

Талдықорғанда жарнама мен лайк үшін көлік терезесінен шығып, қауіпті трюк жасағандар жауапқа тартылды

Лайк құрмет әкелмейді: полиция жастар мен блогерлерді жауапкершілікке шақырады.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Талдықорған қаласының 19 жастағы тұрғынының автокөлікпен келе жатып, ойын-сауық орындарының бірін жарнамалау кезінде көліктің терезесінен шығып, сусын ішіп, қоқысты жол бойына лақтырған бейнероликті анықтады.

Тексеру нәтижесінде полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық азаматты анықтады. Қыз ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ автокөлік жүргізушісі жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны және жол таңбасының талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Жетісу облысының ПД баспасөз қызметі. 

Полиция әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ұмтылу заң талаптарын бұзуға және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруге себеп болмауы тиіс екенін атап өтеді. Мұндай әрекеттер қатысушылардың өзіне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіріп, қоршаған ортаға зиян келтіреді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жол ережесін бұзып, полиция талабына бағынбаған блогер жауапқа тартылды.