Талдықорғанда бұралқы иттер қаптап барады
Қала ішінде қаңғыған ит көп. Ата-аналар балаларын қауып алама деп алаңдауда. Қазір шаһар көшелері мен саяжайларда бұралқы иттер қаптап жүр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Қоқыс аңдыған кәндендер қауіпті
Әрине, бұл тарапта заң бар, осыдан екі жыл бұрын №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданған болатын. Үйіңізде қабаған ит бар ма, оның құжаты болуы шарт, тіпті есігіңіздің кіреберісіне «Қабаған ит» деген арнайы жазба қалдыруыңыз қажет. Себебі үй жануарына сенім жоқ, кез келген уақытта қонақты бас салуы мүмкін. Ал ит тістесе дәрігерге қаралғаныңыз жөн, одан қарайтын вирус ағзаға өте зиян. Оның үстіне итіңіз үшін айыппұл арқалайсыз. Заң солай, бәріне ортақ. Бұл ретте Талдықорған маңында саяжайлар көп, соған сай жер үйлер де жетерлік. Мәселен «Өтенай ауылдық округі», оның арғы жағындағы Ынтымақ саяжайы қаламен іргелес орналасқан. Бұралқы иттің дені сол жақтан келеді. Күні кеше ата-аналар Оқушылар сарайының алдында тіміскілеп жүрген, балаларына қарап үрген кәндентерге тас атып қуып жіберген. Тіпті, кішкентай қызы шошып та қалған екен.
Қоқыс аңдыған кәндентер қауіпті. Далаға қоқыс шығаруға балаларымызды жұмсауға қорқып қалдық. Қоқыс жәшігінің маңында бұралқы иттер топталып алады. Оларды қуып жібереміз, бірақ аш иттер қайта келіп алады. Кеше «Жетісу» сайтынан Оқушылар сарайының алдында балаларға ұмтылған иттерді көріп, тіпті қорқып қалдым. Иттен жұғатын вирустар өте көп, әсіресе балаларға зиян. Сондықтан сақтанбаса болмайды,- дейді Көктем шағынауданының тұрғыны Әсел Алтынбаева.
Шынында, әлеуметтік желіден түрлі сұмдықты көріп жүрміз. Сабаққа сау кеткен балалары жарақаттанып келіп жатқан жағдайлар да аз емес. Қаңғыбас ит пен үйсіз мысықтан түрлі аурулар жұғатыны да мәлім. Сондықтан тұрғындардың оқушыларға алаңдауы орынды. Оның үстіне қала мен далада қаптап жүрген қаңғыбас жануарлар экологиялық ортаны бүлдіріп, адам денсаулығына залал келтіріп жатқанын көз көріп жүр. Облыстық санитарлқ-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде иттен жұғатын ауралардың да кездесетінін айтуда.
Ит қапқаннан кейін міндетті түрде дәрігерге қаралған дұрыс. Мәселен, эхинококкоз, токсокароз,лямблиоз секілді түрлі вирустар бар. Ол паразиттер адамның денесіне түскеннен кейін оңай шықпайды. Тіпті, отаға түсуге тура келетін жайттар да бар. Сондықтан үйдегі иттерге арнайы укол салдырып алған абзал. Әйтпесе балалар ойнағанда тілі, тұмсығы арқылы паразиттер ішке түсуі мүмкін,- дейді кинолог Асан Оралов.
Қараңыз, жауапты мамандардың мәліметінше өңірде мыңға жуық тұрғыннан ит пен мысықтан зардап шеккені туралы хабарлама түскен.
11 мыңнан астам ит ауланған
Жетісу облыстық ветеринария басқармасы иесіз ит пен мысықтың қоғамға зиянын ескеріп, аулау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде 11088 қаңғыбас ит пен 132 мысық ауланып, 724 ит және 32 мысық иелері мен зооқорғау ұйымдарына тапсырылған. Одан қалды мың жарымға жуық үй жануарына кастрация, ал 600 жуық ит пен мысыққа стерильдеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 8 мыңын эвтаназия жасалған. Ал 200-ге жуығы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Өкінішке қарай, иесіз қалған үй жануарларының кесірінен адам денсаулығына зиян әкелетін 50-ге тарта ауру кезеседі. Осы жылы Жетісуда ит пен мысықтан таралатын эхинококкоз – 26, қышыма – 2 адам, дерматомикоз – 49, туберкулезге – 25, дерматофития – 6, трихофития – 1, бруцеллез – 63 жағдай орын алды. Қазір, өте қауіпті делінетін микроспория, альвеококкоз, токсокароз секілді аурулардың анықталмады. Бұған да тәубе. Дегенмен өңірде сырқатын жасрып, дәрігерге қаралма жүргендер де болуы мүмкін,- дейді Жетісу облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңдағы нормативтік құқықтық актілерді іске асыру бойынша 4 бағдарлама бегітілген. Енді соны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен жалпы 170 млн теңге қарастырылған. Соған сай конкурс ұйымдастырылып, 115,2 млн теңгені ұтып алған өтінім берушілер белгілі болыпты. Атап өтсек, Ескелді, Панфилов, Алакөл, Ақсу аудандарындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жою жұмыстарын жүргізуге «РАЙХАН» ЖҚ жауапты болады. Ал Қаратал ауданы мен Текелі және Талдықорған қалалары «КазНурПроект» ЖШС-ның міндетіне кіреді. Сарқан мен Кербұлақ аудандары «ҚАЙЫРБЕК» ЖҚ мен Көксу ауданы «ARLAN BM» ЖШС келісімге келген.
Ал Қаратал, Кербұлақ, Ескелді, Сарқан, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласында қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға «КазНурПроект» ЖШС жауап береді. Бұл ретте Текелі қаласы және Панфилов пен Ақсу ауданымен «ҚАЙЫРБЕК» ЖҚ жауапты, Алакөлмен «РАЙХАН» ЖҚ жұмыс істемек. Енді қараусыз және қаңғыбас жануарларды сәйкестендіру бағдарламасы бойынша техникалық қызмет көрсету үшін «Танба кезекте» келісімшарт жасалынған. Бұған Панфилов, Кербұлақ, Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарында «VET HELP» ЖШС жұыс атқарады. Ал «Nur-Logistics» ЖҚ – Ескелді, Қаратал, Көксу аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларында қызмет көрсетпек. Сонымен қатар егу және зарарсыздандыру жұмыстарына Сарқан, Панфилов, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласымен «КазНурПроект» ЖШС жауапты болмақ. Көксу, Қаратал, Ескелді аудандарына – «Nur-Logistics» ЖҚ, Алакөлге «Алакөл ветстанция», Ақсуға «Кербұлақ ветстанция», Текеліге «Текелі ветстанция» келісім бойынша жұмыс жүргізеді.
Қазір өңірде аталған бағдарлама бойынша облыс аумағындағы иелері бар ит пен мысықты өз қаражаты есебінен бірдейлендіруден (чиптеу) өткізу заңдық күшке енді. Чиптеуге кететін қаражат ит пен мысық иелерінің есебінен өтеледі. Егер де өз меншігіндегі ит-мысықты бірдейлендіруден өткізбеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарланды. Ал «Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіру» бойынша жалпы облыстық бюджеттен 21 млн тенге қаражат қарастырылған. Алдағы уақытта қала мен аудандарда жануарға панажай мен пунктер салынады, - дейді Н.Жамаубаев.
Қазір басқарма жұма сайын рейд жүргізуде. Десе де қала маңындағы жер үйлерден облыс орталығына қаңғып келген иттер азаймай түр. Қазір иті чиптелмеген тұрғындарға айыппұл салынады. Үйдің сыртында тұрғындарға қауіп төндірсе иесі істі болады.