Кеше 2026, 20:29 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Талдықорғанда 17 жастағы жасөспірім студентті пышақтап өлтірді

Достар арасындағы жанжал қайғылы аяқталды. 20 жастағы студент алған жарақатынан көз жұмып, күдікті қамауға алынды.

Жетісу облысының Талдықорған қаласында 20 жастағы студент достарымен болған жанжалдан кейін көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәліметке сәйкес, оқиға кезінде шамамен он шақты адамнан құралған топ болған. Олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да бар. Кездесу барысында қатысушылар арасында жанжал туындап, кейін ол көшедегі төбелеске ұласқан.

Деректерге сүйенсек, кейінірек мектеп оқушысы жас жігітті қайта кездесуге шақырып, оған алты рет пышақ жарақатын салған. Студент алған жарақаттарынан көз жұмды.

Жетісу облыстық полиция департаменті аталған оқиғаны растады.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, – деп хабарлады ведомство редакция сауалына берген жауабында.

Полиция өкілдерінің айтуынша, қазір жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы полиция басшылығының ерекше бақылауында, – деп атап өтті құқық қорғау органдары.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты іс бойынша өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында қайтыс болған 23 жастағы қызға қатысты жаңа деректер шықты. 

Тағы оқи отырыңыздар: Алматы облысында әйелін көлікпен қағып өлтірген ер адам қамауға алынды: Күдікті полицей ме? 

Нөмірін жасырып, камерадан қашпақ болды: Жамбылда шетелдік жүргізуші қамауға алынды