10 Тамыз 2026, 12:23 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Таиландтағы мектепте атыс жасаған жасөспірім қару ұстауды әлеуметтік желідегі видеолар арқылы үйренген

Атыс Бангкокпен шектесетін Нонтхабури провинциясында болған.

Таиландта үйінде және мектепте қарудан оқ атқан 14 жастағы жасөспірімнің қаруды қолдануды әлеуметтік желілер арқылы өз бетінше үйренгені анықталды. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тауып, кейін жасөспірімнің өзі де көз жұмды. Бұл туралы полиция мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Билік өкілдерінің айтуынша, жасөспірімнің әлеуметтік желілердегі зорлық-зомбылық мазмұнын көп көруі, оқуына қатысты алаңдаушылығы, отбасындағы мәселелер мен достарымен болған жанжал оның әрекетіне әсер етуі мүмкін.

Полиция жексенбі күні журналистерге тергеу барысында қазірге дейін 17 куәгерден жауап алынғанын айтты. Құқық қорғау органдары жасөспірімнің атыс жасауға не себеп болғанын анықтап жатыр.

Оқиғадан кейін Таиланд билігі елдегі соңғы жылдардағы ең қанды атыстардың біріне байланысты қаруға қатысты жаңа заңдар енгізуге ниетті екенін мәлімдеді.

Атыс Бангкокпен шектесетін Нонтхабури провинциясында болған. Билік мәліметінше, жасөспірім беделді орта мектептің жергілікті филиалы саналатын Дебсирин Нонтхабури мектебінің оқушысы болған.

Ол алдымен үйінде атасының иелігіндегі тапаншамен ата-әжесін атып өлтірген. Кейін мектепке барып, мұғалімдер мен оқушыларға оқ атқан.

Журналистердің атыс алдын ала жоспарланды ма деген сұрағына полиция мұндай болжамның «ықтималдығы жоғары» екенін айтты.

Полиция дәлел ретінде атыс кезінде пайдаланылған қаруды, оқ гильзаларын, жасөспірімнің ұялы телефонын және мектепке алып барған сөмкесінен табылған пышақты тәркіледі.

Құқық қорғау органдары жасөспірімнің үйіндегі компьютерден оның әлеуметтік желілерден зорлық-зомбылық туралы жарияланымдар көргенін анықтаған.

Бұған дейін криминалистер жасөспірімнің атқан оқтарының «біршама дәл болғанын», олардың бірнешеуі адам денесінің өмірлік маңызды тұстарына тигенін хабарлаған.

Алайда жексенбі күні Аттапол полиция тергеуі жасөспірімнің атыс қаруын қолдануды арнайы жаттыққанын немесе тирде дайындықтан өткенін көрсетпегенін айтты.

Сонымен қатар оның мұғалімі бұған дейін жасөспірімнің интернет арқылы сатып алып, мектепке алып келген BB-пневматикалық қаруын тәркілеген.

Билік мәліметінше, жасөспірім ата-анасы бөлек кеткеннен кейін екі жасынан бастап ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Оның анасы Reuters агенттігіне ұлының «ақылды, көңілді» болғанын және өзін қалыпты ұстағанын айтқан.

Анасы баласын соңғы рет жақында болған мектеп демалысы кезінде көргенін жеткізді.

Бұлай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Біз қатты күйзелдік, – деді ол Reuters агенттігіне.

Жергілікті БАҚ жасөспірімнің әкесі болған жағдай үшін кешірім сұрағанын хабарлады.

Мектеп мұғалімдерінің бірі жасөспірімді оқу үлгерімі жақсы оқушы ретінде сипаттаса, білім беру саласының өкілдері оның компьютерлік ойындарға әуес болғанын айтты.

Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракул бұған дейін жасөспірімнің әжесі мұғалім болғанын және оның балаға талапшыл болуы мүмкін екенін айтқан.

Қазір қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр. Марқұмдарды еске алған тұрғындар мектеп алдына гүл шоқтарын қойып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Таиландта жасөспірім жеті адамды атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсағаны хабарланды