16 Қыркүйек 2026, 16:40 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Таиланд қазақстандықтар үшін визасыз мерзімді қысқартты

15 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтарының Таиландта визасыз жүру мерзімі 60 күннен 30 күнге қысқарды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

Бұған дейін Таиланд 93 ел мен аумақтың азаматтарына, оның ішінде қазақстандықтарға да 60 күндік біржақты визасыз режим енгізген болатын. Алайда Таиланд билігі бұл тәртіпті қайта қарап, көші-қон саясатына өзгеріс енгізді.

Тай тарапының түсіндіруінше, шешім ұлттық қауіпсіздік, туризм мен экономикалық мүдделер, өзара қағидат және визасыз режимдердің қайталануын болдырмау қажеттілігіне байланысты қабылданған. Жаңа талаптар 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енді. 

Енді Қазақстан азаматтарына Қазақстан Республикасы мен Таиланд Корольдігі үкіметтері арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім қолданылады. Аталған келісімге сәйкес, қазақстандықтар Таиландта елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз бола алады, - деді Жанболат Үсенов.

Сонымен қатар Таиланд аумағында визасыз болудың жалпы мерзімі әрбір 180 күндік кезең ішінде 90 күннен аспауға тиіс. Яғни бұрын Қазақстан азаматтары Таиландта 60 күнге дейін визасыз жүре алса, енді бұл мерзім 30 күнмен шектеледі.

30 күннен артық болуды жоспарлаған азаматтарға тиісті визаны алдын ала рәсімдеу қажет, - деді СІМ ресми өкілі.