Түркістан облысында болған жол апаты бойынша тергеу жұмыстары басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаменті Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 26 желтоқсан күні таңғы сағат 6.30-да Ордабасы ауданы Көкарал ауылы ауданындағы Шымкент-Түркістан автожолының 67 шақырымында болған жол-көлік оқиғасы бойынша Түркістан облысы ПД тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Жол-көлік оқиғасы болған жерге Түркістан облысы ПД мен аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы жетіп, бір бағытта жүріп бара жатқан "Хюндай Старекс" автокөлігінің жүргізушісі МТЗ тракторымен соқтығысқанын анықтады. Жол-көлік оқиғасының салдарынан "Хюндай Старекс"көлігінің екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. 4 адам аудандық ауруханаға жеткізілді. Жүргізушіге және қалған 5 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді, - делінген хабарламада.

ЖКО жайты бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Жүргізуші қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысына қатысушылардың барлығына жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, жолда мұқият болуды ескертеді.

Айта кетейік, 26 желтоқсанда Түркістан облысында жолаушылар көлігі апатқа ұшырап, 2 адам қаза тапты. Тағы 11 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алған. Олардың 4-еуі ауыр халде ауруханаға жатқызылды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы