Тұмау басталса, оны коронавирустан ажырату қиын болады – Алмаз Шарман

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тұмау мен коронавирус қабаттасып кетсе, қиындық туындайды. Сондықтан әлем дәрігерлері қазірден тұмаудың алдын алуға көңіл бөліп, оған қарсы екпе салдыруды ұсынып отыр. Бұл туралы Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, адамзат 100 жылдан бері мұндай пандемиямен бетпе-бет келмеген. Ол біздің әдеттегі өмірімізге өзгеріс әкеліп, адам денсаулығына, ел экономикасына ықпал етті. 

Қазақстан да өзге елдер сияқты қиын кезеңді басынан өткерді. Жаңазеландия, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты елдер эпидемияны жеңе білді. Ал АҚШ, Бразилия, Испания, Италияда қауіпті індет кеңінен тарап, өлім-жітім жоғары болды. Коронавируспен ауырғандарда біраз уақыт өткен соң басқа да қиындықтар туындауда. Ол әлсіздік, неврологиялық және тағы басқа симптомдар, - дейді ол. 
Сөз арасында ол еліміз қазірден коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатқанын айтты.
Еуропаның көптеген елінде қазірден вирус кеңінен тарап жатыр. Бұл күзгі салқындаумен байланысты. Жалпы коронавирустың таралуы жыл мезгіліне қарамайды. Оның тарауы біздің жүріс-тұрысымызға, арақашықтықты қалай ұстанатынымызға, масканы қаншалықты тағатынымызға келіп тіреледі. Сондықтан елімізде коронавирустың екінші толқыны болса, ол өзімізге байланысты болмақ, - дейді дәрігер. 

Сонымен қатар ол тұмау мен коронавирус қабаттасып кетсе, қиындық туындайтынын және тұмауға қарсы вакцина салдыру маңызды екенін жеткізді. 

Әлем дәрігерлері қазірден тұмаудың алдын алуға көңіл бөліп, оған қарсы екпе салдыруды ұсынып отыр. Алматы әкімдігі көптеген вакцина сатып алып, халыққа салып жатқаны құптарлық жағдай. Оны салған адамда тұмау немесе басқа ауру жеңіл өтеді. Оған қоса бұл - тұмау мен коронавирусты ажыратуға көмектеседі. Өйткені олардың емдері әртүрлі, - дейді ол. 
Алмаз Шарман, сондай-ақ, Бразилияда тұмауға қарсы салынған екпе коронавирустың ауыр ағымын 20 пайызға төмендеткенін айтты. 
Коронавирус тұмауға қарағанда ауыр жүреді әрі одан өлетіндер он есе көп. Сондықтан қауіпті топтағы адамдар арасында бұл аурудың жеңіл өтуіне жағдай жасауымыз керек. Міне, осы тұста тұмауға қарсы вакцина аурудың жеңіл өтуіне көмектеседі. Егер тұмау басталса, оны коронавирустан ажырату медиктерге де қиындау болады. Жөтел, дене ыстығының көтерілуі кезінде оларды ажырату қиын. Сондықтан уақытында медицина қызметкерлеріне жүгініп, тестілеуден өткен жөн, - дейді ол. 

Сондай-ақ ол азаматтарды, сырқаттанып жатса, үйде өз бетінше емделмеуге шақырды.

Шілде айында вирус кең тарап, пневмониямен ауырғандар көбейді. Сол кезде көпшілік антибиотик, гармоналды өте қауіпті дәрілерді өз бетінше қабылдады. Ол - дұрыс емес. Түсінемін, ол кезде дәрігерлер жетіспей, емдеу протоколдары өзгеріп жатты. Қазір дәрі-дәрмек те жеткілікті әрі бәрі орныққан, - деді А. Шарман.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы