Сыйлықтан ақша жасау: Өзбекстанда гүлдерді қайта сату қызметі іске қосылды
Өзбекстанда сыйға берген гүлдерді қайта сататын стартап пайда болды.
Өзбекстанда сыйлыққа берілген гүлдерді қайта сатуға арналған ерекше сервис іске қосылды. Қазір бұл жоба бүкіл Орталық Азия нарығын бағындыруды көздеп отыр.
Гүлдерді қайта сату қызметі қалай жұмыс істейді?
Second Bloom деп аталатын стартап аукцион принципіне негізделген. Жүйе өте қарапайым:
-
Сатушы (гүл сыйлыққа алған адам) букетті суретке түсіріп, платформаға жүктейді және өз бағасын белгілейді.
-
Сатып алушы дәл сондай балғын гүл шоғын дүкендегі ресми бағасынан әлдеқайда арзанға сатып ала алады.
Бұл сервис нарықта бұрыннан бар киім-кешек, сөмке немесе техниканы қайта сату сияқты гүлді де сатуға болатынын айқындап отыр.
Қоғамның реакциясы: Даулы мәселе
Идея бірден үлкен талқылау тудырған. Себебі қоғам бұл стартапқа екіұдай көзқараспен қарап отыр:
Бірінші тарап «сыйлықты қайта сату – әдепсіздік және сыйлаған адамды құрметтемеу» деп есептейді.
Екінші тарап бұл трендті экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді деп ақтайды. Гүлдерді бірнеше күннен кейін қоқысқа тастағанша, оны арзан бағаға басқа біреуге қуаныш сыйлау үшін берген дұрыс деген пікірде.
Қалай болғанда да, нарық бұл жобаға үлкен қызығушылық танытуда.
Kapital.uz мәліметінше, жақында Second Bloom стартапы алғашқы даму (pre-seed) кезеңінде X-Togo венчурлық қорынан 50 мың доллар көлемінде инвестиция тартты. Бұл қаражат мобильді қосымшаны дамытуға және сервисті Өзбекстанның өзге аймақтарына таратуға жұмсалмақ.
Іске бизнес-жоспарсыз кіріскен бойжеткен
Жобаның негізін қалаушы – Тамила Фалина. Ол бұған дейін киім-кешек қайта сатылатын танымал Telegram-канал жүргізген. Сонда ол сән әлемінде трендке айналған қайта сату мәдениетінің неге гүл нарығында жоқ екеніне таңғалған.
Жасөспірім кезімнен маған жиі гүл сыйлайтын. Уақыт өте келе сол гүлдерді не істеу керек деген сұрақ маған да маза бермеді. Мен осындай платформаның пайда болуын 10 жыл күттім, ешкім жасамаған соң өз қолыма алуға тура келді, – дейді Тамила.
Ең қызығы, Тамила бұл істі ауқымды бизнес-жоспармен немесе терең маркетингтік зерттеумен бастамаған. Ол жай ғана қыздардың арасында бұрыннан айтылып жүрген, бірақ ешкім жүзеге асырмаған үлкен сұранысты көре білді.
Қазіргі уақытта стартап командасы таза пайданы қолдарына алып жатқан жоқ. Келген табыстың барлығы жобаны техникалық тұрғыдан жетілдіруге жұмсалуда. Кәсіпкер бойжеткен үшін қазір жеке шығындардан көрі, жобаның ауқымын кеңейту әлдеқайда маңызды.
Мен бүкіл Орталық Азия нарығына (оның ішінде Қазақстан да бар) шыққанда ғана сәл тоқтап, тапқан табысымды өзіме жұмсай бастаймын ба деп ойлаймын, – дейді стартап авторы.
Маркетингке үлкен ақша жұмсамаса да, клиенттері қайта айналып соғатын бұл жобаның болашағы зор көрінеді.
Ал сіз қалай ойлайсыз, осындай сервис біздің елде ашылса, сыйға алған гүлдеріңізді сатар ма едіңіз?
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда да қыздар 8 наурызда алған гүлдерін қайта сатып жатқаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Өзбекстанда дүкен сөрелерінен улы ыдыстар табылды
Ташкентте мұғалім 9-сынып оқушысын ұрып тастады
Өзбекстанда әрбір жетінші адамның дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ