Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге не әсер етеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Адал білім" жобалық кеңсе қызметінің қорытындылары туралы өткен тікелей эфир барысында "М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті" АҚ басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев айтты. 

Біздің жобалық кеңсе 2019 жылдың 3 маусымынан бастап іске кірісті. Қазір жылды қорытындылайтын кез келді. Бір жыл ішінде талай жұмыс атқарылды. Ең алдымен біз білім саласын орта мектепке дейінгі білім, техникалық және кәсіби орта білім (ТжКБ),  жоғары білім және ғылым деп бірнеше бағытқа бөліп алдық. Әр бағыт бойынша қызметкерлеріміз ҚР Білім және ғылым министрлігінің көмегімен сараптама жасап отырды. Министрге ұсынған алғашқы ұсынысымыз – БҒМ факторлы-баллдық шкала (ФБШ) негізінде оңтайландыруға қатысты ұсыныс болды. Біздің ойымызша, ФБШ ашық әрі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге әсер етеді. Министрліктер мен мекемелердегі қазіргі қолданыстағы жүйенің сыбайлас жемқорлыққа деген ықтималдығы жоғары, - дейді ол.  

Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, белгілі бір мекеменің жетекшісі сыйақы беру кезінде қызметкерлерді таңдау құқы оның өзінде болады. Бұл сыйбайлас жемқорлыққа алып келуі мүмкін.

Осыған байланысты біз БҒМ-нің құрылымын тұтас оңтайландыру керек деген ұсыныс жасадық. Министрлікте 54-ке жуық мекемеге қарасты ұйым бар, бірнеше акционерлік қоғам бар. Біз осы ұйымдарды қысқартып, төлем қорын құруға қатысты ұсыныс бердік. Оны министрлікке беріп, жоғары еңбекақы тағайындап, факторлы-баллдық шкала белгілеу керек. Сонда жауапкершілік те артады. Министр бұл ақпаратты қабылдады. Ұсынысты екі кезеңге бөлдік, оңтайландырудың бірінші кезеңі өтті. Кейбір жерлерде лауазымдар қысқартылып, қаржы үнемделді, - деді ол. 

Басқарма төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит жүйесі жоғары оқу орындарында да жүргізілгенін айтты.

Біз арнайы сараптамалық құжат жасадық. Сол бойынша кез келген білім мекемесі өздерінде бар процестердің аудитін жасай алады. Барлық жоғары білім ордаларына жіберілді. Егер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, БҒМ бұл мәселеге салмақты қараған болса, сыбайлас жемқорлық ықтималдығы шамамен, 90%-ға қысқарар еді, деген ойдамын, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы