Сутегі өндірісіне қанша су керек? – Сумині түсіндірді
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Мәжілісте сутегі энергетикасын дамыту мәселелерін талқылау барысында жасыл сутегі өндірісінің су ресурстарына әсеріне қатысты маңызды пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, сутегіні электролиз әдісімен өндіру процесі су ресурстарын көп қажет етеді, әрі бұл фактор жобаларды жоспарлау кезінде ерекше назарда болуы тиіс.
1 текше метр сутегін өндіру үшін шамамен 1 литр (немесе 0,001 текше метр) таза су қажет. Алайда, бұл тек негізгі көрсеткіш. Электролиз процесі жоғары сапалы – дистилденген немесе ультратаза суды талап етеді, себебі бұл электролизердің тиімділігі мен ұзақ қызмет етуі үшін маңызды, – деді Ерболат Ибрайханов.
Сонымен қатар, суды дайындау (кері осмос, дистилляция сияқты) және электролизерді салқындату процестері де қосымша су шығынын талап етеді. Осы факторларды ескере отырып, 1 килограмм сутегін өндіру үшін 17,5-30 литрге дейін су жұмсалуы мүмкін.
Маңғыстау облысында іске асырылуы жоспарланып отырған 2 миллион тонна жасыл сутегі өндіру жобасы аясында, вице-министрдің мәліметінше, 34-60 миллион текше метр аралығында су қажет болуы мүмкін.
Бұл су шығыны қайтарымсыз сипатқа ие, яғни бір рет қолданылып, қайта айналымға түспейді. Сондықтан бұл – су ресурстары тапшы өңірлер үшін өте өзекті мәселе, – деп атап өтті Ибрайханов.
Дегенмен, бұл су көлемі Каспий теңізінің жалпы су шаруашылығы балансына елеулі әсер етпейді. Бірақ жобаға ықпал етуі мүмкін басқа да факторлар бар екенін де ескерген жөн.
Бұған дейін Қазақстан Германия, Жапония, Қытай сынды таза энергияға деген сұранысы жоғары елдерге төмен көміртекті сутегінің сенімді жеткізушісі бола алатынын жаздық.
Сондай-ақ 2027 жылы Қазақстанда қоғамдық көліктер сутегіге көшетіні де айтылды.