15 Қыркүйек 2026, 18:56 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Суперкубок Астанада: Тарихи матч қазақ футболына не береді?

2028 жылы УЕФА Суперкубогы алғаш рет Астанада өтеді. 15 қыркүйекте УЕФА Атқарушы комитеті матчты «Астана Аренада» өткізу туралы шешім қабылдады. Суперкубокта сол маусымдағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі.

Еуропаның ең үздік екі клубын Қазақстанда қабылдау – ел футболы үшін бұрын-соңды болмаған оқиға. Дегенмен бір матч отандық футболға нақты не береді? Ол елдің имиджіне әсер ете ме? BAQ.KZ тілшісі спорт журналистерінің пікірін білді.

Спорт журналисі Ерзат Серғазин УЕФА Суперкубогының Астанада өтуін Қазақстан үшін үлкен жетістік деп бағалайды.

«Бұл – еліміз үшін үлкен жеңіс әрі зор жетістік. УЕФА Суперкубогының финалын Қазақстанда өткізу – талай буын армандаған тарихи оқиға.

Мұндай деңгейдегі матчтың Астанада өтуі, ең алдымен, футболды кеңінен насихаттауға және оның дамуына үлкен серпін береді. Әсіресе жасөспірімдер мен балалар үшін бұл – ерекше мотивация. Өйткені Еуропаның ең мықты клубтары Астанаға келеді. Оларды өз көзімен көрудің өзі жас футболшыларға үлкен әсер береді», – дейді ол.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Серғазин бұл матчтың тек футбол үшін емес, Астана үшін де үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

«Астана жылдан-жылға көркейіп келеді. Қонақүйлер, туристік нысандар, театрлар, музейлер мен басқа да мәдени орындар бар. Яғни осындай ауқымды халықаралық шараны қабылдауға қаланың әлеуеті жеткілікті.

Ең бастысы, мұндай турнирден кейін белгілі бір мұра қалады. УЕФА Суперкубогы секілді үлкен доданың Қазақстанда өтуі көпке дейін елдің есінде сақталып, талқыланады. Бұл қазақ футболына да үлкен пайдасын тигізеді», – деді спорт журналисі.

Ал спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы Суперкубоктың Астанада өтуін тарихи оқиға деп бағалағанымен, оның отандық футболға ықпалын асыра бағалауға болмайды деп санайды.

«Астанада мұндай матчтың өтуі – әрине, жақсы жаңалық. Қазақстанға туристер, жанкүйерлер келеді. Елімізді бұрын білмеген адамдар Қазақстанды танып, көріп кетеді. Бірақ мәселе матчты өткізіп алумен ғана бітпейді. Сол жанкүйерлер мен футболшылар Қазақстаннан қандай әсермен кетеді – соған да мән беру керек», – дейді ол.

Оның пікірінше, дайындық барысында «Астана Аренаның» жағдайына, әсіресе алаң сапасына ерекше назар аудару қажет.

«Менің білуімше, стадионда жасанды төсеніш бар. Ал Еуропаның топ-клубтарының футболшылары негізінен табиғи алаңда ойнайды. Сондықтан матчқа дейін алаңның жағдайы, ойыншыларға қаншалықты қолайлы болатыны мұқият қаралуы керек», – деді Сейтқазы.

Спорт журналисі бір ғана халықаралық матчтың ел футболындағы жүйелі мәселелерді шешіп бере алмайтынын да айтады.

«Осы матчты көрген балалардың футболға қызығушылығы оянуы мүмкін. Бұл жағынан әсері бар. Қазақстанды да халықаралық аудиторияға танытады. Бірақ бір Суперкубок өтті екен деп, футболымыз дамып кетеді деу дұрыс емес.

Футболдың дамуы – жүйелі жұмыс. Балалар футболы, академиялар, жаттықтырушылар, алаңдар, чемпионаттың деңгейі – бәрі қатар жүруі керек. Нағыз даму деген осы», – деді Ақырыс Сейтқазы.

Қорыта айтқанда,  2028 жылғы Суперкубок Қазақстан үшін үлкен футбол мерекесі ғана емес, елдің халықаралық деңгейде өзін көрсетуіне берілген мүмкіндік болмақ.