Су тасқыны. 22 млн теңге ешкімнің қолына берілмейді – құрылыс министрі
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың қолына өтемақы қолма қол берілмейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет ешқандай қаражатты ешкімге қолға бермейді. Әр адам әртүрлі. Қоғамда жауапкершілігі бар немесе жауапкершілігі жоқ адамдар бар. Қазіргі таңда үйді қайта салу үшін қолға қаражат берсек, ол адам жеке мақсатына жұмсаса, қыста ол адаммен не істейміз? Сондықтан мемлекеттің шешімі осындай, - деді Шарлапаев үкіметтің баспасөз мәслихатында.
Министрдің сөзінше, су тасқынынан зардап шеккен адамның таңдауы бар.
Үйді қайтып тұрғызады, болмаса әкімдік арқылы екінші нарықтан пәтерлер алады. Бірақ жөндеу жұмыстарын әкімдік пен құрылыс компаниялары жасайды. Әкімдік шешімі бойынша тек бірнеше өңірде қолдарына қаражат береміз. Бұл тек жөндеу жұмыстарына ғана, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, елімізде 5 мыңнан астам үй су астында қалған.
Бұған дейін Үкімет басшысы халыққа тағы қандай көмек берілетінін айтқан болатын.