Су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш алқабын азайту қажет - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Біздің есептеуімізше, су тұтынудың ағымдағы үрдісі сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 текше метрді құрауы мүмкін. Осыған байланысты қазірдің өзінде су тұтынуды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Министр отырыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,2 млн гектарға жеткізуді, ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізуді тапсырғанын атап өтті.

Біріншіден, су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда, Қызылордада -15 мың гектар, Алматы – 10 мың және Түркістан облысында 4 мың гектарға азайту қажет. Бұл 1 текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алаңда суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30 пайызға дейін немесе 2,2 текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді ол. 

Сонымен қатар ол ұзындығы 6 мың шақырымды суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистралдық каналдарда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына 2 текше километр су үнемдеуге болатынын айтты. 

Осы қажеттіліктерге алдағы 5 жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд теңге жұмсалмақ. 

10 жыл ішінде 3,6 текше киллометр көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынады. Ол 70 елдімекен мен 137 мың адам үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға мүмкіндік береді. 394 мың гектар жаңа суармалы жер сумен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай, Қосқорған екі су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. 28 су қоймасы бойынша техникалық негіздеме және 3 су қоймасы бойынша жобалық сметалық құжат әзірленуде, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы